Құқықтық тәртіп әскері жасанды интеллектіні қызмет барысына енгізу, жауынгерлік міндеттерді цифрландыру және заманауи технологиялар арқылы әскери даярлықты жетілдіру жұмыстарын жандандырып келеді. Осы бастамалар Астанадағы ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде өткен VIII ведомствоаралық ғылыми-практикалық конференцияның негізгі өзегіне айналды.
Оған Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының өкілдері, әскери жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар мен салалық мамандар қатысты.
Конференция басталар алдында қатысушылар Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетінде жаңадан ашылған заманауи оқу командалық пунктімен танысты. Бұл нысан Ұлттық ұланның жедел бригадалары командирлеріне арналған және шешім қабылдауды қолдаудың цифрлық жүйесімен жабдықталған. Оқу командалық пункті болашақ әскери басқару мамандарының тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге, жедел жағдайды талдауға және заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, басқарушылық шешімдер қабылдауға машықтандыруға бағытталған. Қонақтар жаңа кабинеттің мүмкіндіктерін көріп, оның әскери білім беру мен командирлік даярлықтағы маңызын бағамдады.
Ғылыми жиында цифрлық шешімдерді әскери бөлімдердің күнделікті қызметіне бейімдеу, жауынгерлік даярлықтың тиімділігін арттыру және ақпараттық технологияларды басқару жүйесінде пайдалану жолдары қарастырылды.
Атап айтқанда, 5573 әскери бөлімінің командирі полковник Жандар Әшірбеков күштік құрылымдарды жауынгерлік және жан-жақты қамтамасыз етуде цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін көтерді. Ал Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының өкілдері подполковник Жасұлан Қапақов пен майор Әлімжан Ахметов жауынгерлік қызметті цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану бағыттары бойынша баяндама жасады.
Жиынның назар аудартқан тұстарының бірі – жасанды интеллектіні әскери білім беру жүйесінде қолдану болды. Сондай-ақ қатысушылар QAZGRAMMA бағдарламалық кешенін құқық қорғау органдарының қызметіне енгізу тәжірибесімен танысып, әскери ғылыми-зерттеу жұмыстарын цифрландырудың келешегін талқылады.
Конференцияға еліміздің бірқатар әскери және арнаулы оқу орындарының мамандары онлайн форматта қосылды. Жиын соңында баяндамалар талқыланып, қорытынды қарар жобасы қарастырылды.
Қазіргі уақытта Ұлттық ұланда бірқатар жасанды иниеллект және цифрлық жүйелер қолданылып келеді. Мәселен, әскери бөлімдерде сарбаздардың эмоциясына талдау жасайтын жасанды интеллектіге негізделген бейнекамера сынақтан өткізіліп жатыр. Сондай-ақ E-Qamqorlyq, Е-Nazar, Ulan Senim, Ұсыныс алаңы секілді жобалар іске қосылған.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі