Ұлытау облысында нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмай келген жалпы көлемі 7 260 гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды.
ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің Ұлытау облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру барысында жер заңнамасының талаптары бұзылғаны анықталды. Тексеру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің біріне қатысты жүргізілген.
Нәтижесінде Ұлытау ауданы аумағында орналасқан жер телімінің нысаналы мақсатына сәйкес игерілмегені белгілі болды.
Заңбұзушылықты жою мақсатында жер пайдаланушыға тиісті нұсқама берілген. Алайда ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші нұсқамада көрсетілген талаптарды орындауға мүмкіндігі жоқ екенін жеткізіп, жер учаскесін толықтай өз еркімен мемлекетке қайтарды.
Қайтарылған жерлер оларды қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге және жерді тиімді пайдалануға дайын азаматтар мен шаруашылықтарға беруге жол ашады.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тиімді жалғасатын болады.