ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт қауіпсіздігінің онкүндігі» республикалық профилактикалық акциясы аясында Абай облысында «Қауіпсіздік әр үйде» ұранымен профилактикалық іс-шара өткізілді.
Іс-шараға Департамент бастығы, полковник Еркін Отарғалымұлы, Семей қаласы әкімінің орынбасары Р. Айткулов, Полиция департаментінің өкілдері, сондай-ақ Жастар саясаты мәселелері басқармасының еріктілері қатысты.
Тұрғын үйлерді аралау кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасыларға ерекше назар аударылды. Тұрғындарға практикалық көмек көрсетіліп, тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнатылды.
Рейдтің басты ерекшелігі – тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыстарды жетілдіру және цифрландыру мақсатында әзірленген «Tumar 112» мобильді қосымшасының қолданылуы болды. Қосымша арқылы жүргізілген профилактикалық іс-шаралар цифрлық форматта тіркелді. Бұл жұмыстарды жүйелеуге, олардың орындалу барысын бақылауға және тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 15 тамыздан бастап Абай облысында тұрғын үйлерге жалпы 1 352 газ датчигі орнатылды. Оның ішінде өткен сенбі күні 36 датчик орнатылды.
Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.