«Дала дәмі»: Ақтауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде

«Дала дәмі»: Ақтауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде

Бүгін, 21 қарашада Ақтау қаласында «Дала дәмі» республикалық акциясы аясында жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде.

Жәрмеңкеге 113 кәсіпкер қатысып, тұрғындарға түрлі азық-түлік өнімдерін ұсынуда. Сауда сөрелерінде сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, түрлі жармалар, ет өнімдері және басқа да тауарлар бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері де тұрақты бағамен сатылуда.

Іс-шараға Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Шапағат Әзірханов, Маңғыстау облысы бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаев арнайы барып, өнім бағалары жергілікті атқарушы органның бақылауында екенін атап өтті.

– Өнім бағалары жергілікті атқарушы органның бақылауында. Кәсіпкерлер арасында көтерме саудамен айналысатындар бар. Сонымен қатар «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өнімдерін сатып алып, саудаға шығарып отырған кәсіпкерлер де бар, – деді Шапағат Әзірханов.

Жәрмеңкенің мақсаты – жергілікті кәсіпкерлерді қолдау, отандық өнімдерді насихаттау және тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қолжетімді бағамен қамтамасыз ету.

Айта кетейік, жәрмеңке әр сенбі сайын өткізіледі.

Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1334531?lang=kk