Бүгін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинмен кездесті.
Тараптар Қазақстанда инвесторлардың құқығын қорғаудың жаңа институтын, инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің қолданыстағы тетіктерін және екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Берік Асылов Қазақстанның көпжылдық тату көршілік тарихына, өзара сенім мен құрметке негізделген Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

«Бүгінде жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды, ең алдымен, сауда-экономикалық және инвестициялық салаларданақты практикалық мазмұнмен жүйелі түрде толықтыру маңызды», – деді Бас Прокурор.
Сондай-ақ, ол инвесторлардың құқығын қорғаудың жаңа институционалдық жүйесін таныстырды. Оның аясында Бас Прокурорға инвестициялық омбудсмен өкілеттіктері берілген, ал Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті оның қызметін қамтамасыз етеді.

Тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және инвестицияларды қорғау мәселелері бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделілік білдірді.