Ақтөбеде жергілікті шаруашылықта өндірілген ет қала тұрғындарына әлеуметтік қолжетімді бағамен ұсынылып келеді. Апта сайын сауда орындарына 3–4 тонна ет жеткізіледі. Өнімнің бір келісі 2 780 теңгеден сатылуда.
Етті тұрақты жеткізушілердің бірі – ірі және ұсақ малды өз шаруашылығында өсіретін «Реймкул» шаруа қожалығы. Өндірушіден сауда орындарына тікелей жеткізу делдалдар санын азайтып, өнімнің бағасын қолжетімді деңгейде ұстауға сеп. Көтерме жеткізу бағасы келісіне 2 600 теңге.
Қазіргі уақытта ет «Анвар» және «Дина» сауда желілерінің тоғыз сауда нүктесіне жеткізіледі. Аптасына шамамен 2 тонна өнім осы сауда орындарына жөнелтіледі. Тағы 1 тонна «Табыс» әлеуметтік дүкендеріне бөлінеді. Қалған бөлігі Есет батыр шағын ауданындағы және «Алтай» базарларындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде сатылады.
Сауда орындарына жеткізу жұмыстары таңғы сағат 6:00-ден басталады. Бұл өнімді уақытылы жеткізіп, сауда сөрелерінде тұрақты болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еттің қолжетімді бағасы ғана емес, сапасы мен қауіпсіздігі де басты назарда. Мал сою цехында ветеринариялық-санитариялық талаптар сақталады. Жұмыс күні аяқталған соң, сағат 17:00-ден бастап өндірістік үй-жайларға толық санитариялық өңдеу жүргізіліп, келесі күні жұмыс басталар алдында қайта тазаланады.
Сойылған малдың ұшалары мен ішкі ағзалары ветеринариялық тексеруден өтеді. Мамандар бауыр мен көкбауырды қоса, ағзаларды жіті қарайды. Зертханалық зерттеулер жүргізіліп, тексеру нәтижелері бойынша ветеринариялық құжаттар рәсімделеді. Барлық мәлімет WebLab ақпараттық жүйесіне енгізіледі.
Ветеринариялық бақылаудан өткен етке арнайы таңба басылып, одан кейін сақтау үшін тоңазытқыш камераларына жіберіледі. Осылайша өнімнің қауіпсіздігін расталып, оның сатылымға шығарылуын бақылауға мүмкіндік бар.