Түркістан облысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындар арасында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз үй – бақытты отбасы» атты профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Отырар ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың тұрмыстық жағдайымен танысты. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің жылыту пештері, мұржалары мен электр желілерінің жай-күйі тексеріліп, өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді.
Сонымен қатар тұрғындарға пешті пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері, көміртегі тотығынан уланудың алдын алу жолдары және өрт туындаған жағдайда әрекет ету тәртібі жөнінде кеңестер берілді. Мамандар үй иелеріне автономды өрт хабарлағыштарының маңыздылығын түсіндіріп, қауіпсіздік құралдарын пайдалану бойынша нұсқаулықтар өткізді.
«Адам өмірі мен қауіпсіздігі – басты құндылық. Әсіресе, жылыту маусымында әрбір отбасы өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауы қажет. Біздің мақсатымыз – тек түсіндіру жұмыстарын жүргізу ғана емес, тұрғын үйлердегі қауіпті жағдайлардың алдын алып, азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне жағдай жасау», – деді Түркістан облысы ТЖД бастығы.