Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі басшылығымен ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде азаматтардың өтініштер ағынын басқару және олардың санының өсу мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған орталық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және сот органдарының, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) өкілдері қатысты.

Өтініштерді талдау соңғы жылдары мемлекеттік органдардың формалды жауаптарына және өтініштерді ведомстволар арасында бірнеше рет жолдау жағдайларына қатысты шағымдар санының артып келе жатқанын көрсетеді.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мемлекеттік органдардың өтініштерді негізсіз қайта жолдауына қатысты статистикалық деректер мен нақты мысалдарды келтіріп, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген жауапкершілік шараларын түсіндірді.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 8 қарашадан бастап жаңа норма қолданысқа енгізілді. Оған сәйкес, егер мемлекеттік органдар өтінішті үш реттен артық қайта жолдаса, олар мәселені өз бетінше не себепті шеше алмайтынын және оны басқа ведомствоға қандай негізде жолдайтынын жазбаша түрде түсіндіруге міндетті. Бұл ретте екі органның да өкілеттіктерін растайтын нормаларға сілтеме жасалуы тиіс.

Аталған шара негізсіз қайта жолдау тәжірибесін болдырмауға, мемлекеттік органдардың азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыруға және өтініштерге мәні бойынша сапалы жауап беруді қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтердің «жасырын» түрлері мәселесі талқыланды. Мұндай жағдайларда жүйелі түрде қайталанатын сұраулар түсіп, мемлекеттік органдар қызметті автоматтандыру және проактивті форматқа көшірудің орнына, жылдар бойы оларға бірізді үлгілік жауаптар беріп келеді.

Сондай-ақ бірқатар өтініш берушінің қайталанатын сұрауларды бірнеше рет жолдауына байланысты шағымдар санының арту үрдісі қаралды. Мұндай мәселелерді шешу үшін азаматтардың күрделі әрі ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келе жатқан өтініштерімен нысаналы жұмыс жүргізу тәжірибесін қолдану ұсынылды.

Кеңес қорытындысы бойынша орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің басшылығына өтініштердің туындау себептеріне терең талдау жүргізу және оларды жою бойынша жүйелі шаралар қабылдау жөнінде бірқатар нақты тапсырма берілді.

Мемлекеттік органдарға өтініштерді тұрақты негізде сапалы қарауды қамтамасыз ету және оларды ведомстволар арасында негізсіз қайта жолдауға жол бермеу тапсырылды.

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1334508?lang=kk