Заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу

Қазіргі таңда кәсіпкерліктің дамуы мен ұйымдар қызметінің кеңеюіне байланысты заңды тұлғалардың өз қызметін еліміздің әртүрлі өңірлерінде жүзеге асыру мүмкіндігі ерекше маңызға ие. Заңды тұлғаның қызметін аумақтық тұрғыдан кеңейтудің бір жолы – филиалдар мен өкілдіктер құру.                                          Алайда мұндай құрылымдық бөлімшелерді ашу үшін заңнамада белгіленген талаптарды сақтау қажет. Соның маңызды кезеңдерінің бірі – оларды есептік тіркеуден өткізу.

Азаматтық кодексіне сәйкес, филиал заңды тұлғаның орналасқан жерінен тыс жерде орналасқан және оның барлық немесе белгілі бір функцияларын, оның ішінде өкілдік функцияларын жүзеге асыратын оқшауланған бөлімшесі.

Ал өкілдік  заңды тұлғаның орналасқан жерінен тыс жерде орналасқан, оның мүдделерін қорғауды және өкілдік етуді жүзеге асыратын, заңды тұлғаның атынан мәмілелер мен өзге де құқықтық әрекеттер жасайтын оқшауланған бөлімшесі.

Филиалдар мен өкілдіктер дербес заңды тұлға болып табылмайтынын атап өткен жөн. Олар өздерін құрған заңды тұлға бекіткен ережелер негізінде әрекет етеді. Олардың басшылары заңды тұлғаның шешімімен сайланады және берілген сенімхат негізінде қызмет атқарады.

Филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу тәртібі  «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңымен реттеледі.

Есептік тіркеу жаңадан құрылған филиал немесе өкілдік туралы мәліметтерді бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің Ұлттық тізіліміне енгізу жөніндегі ресми рәсім.

«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 8-бабына сәйкес, филиалды немесе өкілдікті есептік тіркеу үшін тіркеуші органға белгіленген нысан бойынша өтініш ұсынылады. Өтінішке филиалды немесе өкілдікті құратын заңды тұлға уәкілеттік берген адам қол қояды және заңды тұлғаның мөрімен куәландырылады. Бұл ретте жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін мөрді пайдалану міндетті емес. Өтінішке қажетті құжаттар, оның ішінде тиісті тіркеу алымының төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.

Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғалардың, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың филиалдары (өкілдіктері) үшін заңды тұлға бекіткен, қазақ және орыс тілдерінде филиал (өкілдік) туралы ереже, жарғының (ереженің) көшірмелері және заңды тұлғаның (қоғамдық және діни бірлестіктерді қоспағанда) филиал (өкілдік) басшысына берген сенімхаты қосымша ұсынылады.

Бұл ретте филиал (өкілдік) туралы ережеде оның атауы, орналасқан жері, қызметінің мәні, басқару тәртібі мен басшысының құзыреті, сондай-ақ филиалды (өкілдікті) құратын заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері, қызметінің мәні және мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтері қамтылуы тиіс.

Коммерциялық заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жүзеге асырады.

Ал коммерциялық емес заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеуді аумақтық әділет органдары жүзеге асырады.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметті электрондық форматта электрондық үкіметтің egov.kz веб-порталы арқылы алуға мүмкіндік қарастырылған.

Заңнамада заңды тұлғаның санатына қарай есептік тіркеудің әртүрлі мерзімдері белгіленген. Мәселен, электрондық өтініш портал арқылы берілген жағдайда, акционерлік қоғамдарды қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу бір сағат ішінде жүзеге асырылады. Ал жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғалар мен акционерлік қоғамдар үшін заңнамада бес жұмыс күнінен кешіктірмей қызмет көрсету мерзімі көзделген.

Осылайша, қолданыстағы тәртіп заңды тұлғаларға өздеріне қолайлы өтініш беру тәсілін таңдап, мемлекеттік қызметті белгіленген мерзімде алуға мүмкіндік береді.

Филиалдар мен өкілдіктерді уақтылы есептік тіркеуден өткізу олардың қызметінің заңдылығын қамтамасыз етеді, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтердің өзектілігін сақтауға және заңды тұлғалар қызметінің ашықтығын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар филиал немесе өкілдік туралы мәліметтер өзгерген жағдайда, оның ішінде атауы, орналасқан жері немесе өзге де деректері өзгерген кезде, заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті өзгерістерді тіркеу үшін уақтылы жүгіну қажет.

Заңды тұлғалардың оқшауланған бөлімшелерін құру және тіркеу кезінде заңнама талаптарын сақтау ұйымдардың тиімді әрі құқыққа сай қызмет атқаруының маңызды шарты болып табылады.

Қорытындылай келе, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу – жай ғана ресми рәсім емес, заңды тұлғалардың қызметін реттеуді, мемлекеттік мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етуді және заңнамасының талаптарын сақтауды көздейтін маңызды құқықтық тетік.

 


Ақмола облысы

Әділет Департаментінің

Коммерциялық емес ұйымдарды

тіркеу және тіркеу қызметі

саласындағы бақылау бөлімінің

бас маманы                                                                                                         Г. Оразалинова

 

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-akm/press/news/details/1333504?lang=kk