ЖАҢАӨЗЕНДЕ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫНДА АЙҚЫНДАЛҒАН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ДАМЫТУДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі маңызды міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді талқылауға арналған жиын Жаңаөзен қаласында өтті.

Шара Жаңаөзен көппрофильді қалалық ауруханасының акт залында өтті. Жиынның негізгі мақсаты – Жолдауда қойылған міндеттерді медицина қызметкерлеріне түсіндіру, саланың өзекті мәселелерін және медициналық көмек сапасын арттыру шараларын талқылау болды.

Елбасы өз Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттік саясаттың басты қағидаттарының бірі екенін атап өтті. Денсаулық сақтау саласында медициналық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа медициналық нысандар салуға, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын арттыруға ерекше назар аударылды.

Белгіленген бағыттар бойынша баяндама жасағандар: Қазақстан Республикасы Құрылтайының I шақырылымының депутаты Аббат Жәңгірханұлы Орысбаев, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық бақылау комитетінің төрағасы Лаурра Мұстафиқызы Ахметнияз, мемлекет және қоғам қайраткері, «Әділет» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының жетекшісі Имаммахмұт Мұхитұлы Шағырбаев.

Шараға сонымен қатар Маңғыстау облысы бойынша Медициналық бақылау комитеті Департаментінің жетекшісі Нұрсұлу Аманбекқызы Мұхамбетиярова, Жаңаөзен көппрофильді қалалық ауруханасының директоры М.К. Эдельханов, емдеу жұмысы жөніндегі директор орынбасары А.З. Есекұлов, № 1, № 2 және № 3 қалалық емханалар басшылығының өкілдері, жекеменшік медициналық ұйымдардың мамандары, дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлер өкілдері қатысты.

Жиын барысында денсаулық сақтау саласындағы реформаларды жүзеге асыру, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

Жиын қорытындысымен қатысушылар Елбасы қойған міндеттерді жүзеге асыруда медицина қызметкерлерінің маңызды рөлін атап өтіп, отандық денсаулық сақтау жүйесін дамыту бойынша жүйелі және табанды жұмыс қажеттілігін атап өтті.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/dkmfk-mangistau/press/news/details/1333503?lang=kk