Аудандық Үміт сарайында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Ауласы әсем, гүлдері ғажап мектеп» байқауының 2026 жылғы қорытындысы жарияланды.
Байқау аясында ардагерлер кеңесі жанынан құрылған комиссия 7–12 қазан аралығында аудан бойынша 48 нысанды аралап, олардың көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын сараптады. Қатысушылар қатарында 29 мектеп, 8 медициналық амбулатория, 1 өнер мектебі, 2 колледж және 2 спорт мектебі болды.
Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы ашып, туған жердің көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне ризашылығын білдірді.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде мен 250 мың теңге №14 Мақсұт Жылысбаев атындағы мектепке бұйырды. І орынды №19 Сыпатай батыр атындағы мектеп иеленіп, 200 мың теңгемен марапатталды. ІІ орын №5 Ақарал және №48 мектептерге беріліп, әрқайсысы 100 мың теңгеден алды. ІІІ орынға №13 Мәншүк Мәметова, №1 Асанбай Асқаров және №44 мектептері ие болып, 75 мың теңгеден ақшалай сыйлық пен алғыс хаттарға қол жеткізді.
Сонымен қатар «Merke Radon» санаторийінің директоры Серік Амангелдіұлы жеңімпаздарға сегіз жолдама табыстады.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ержан Шолпанқұлов Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды. Еңбек ардагері Жұмахан Мақажанұлы «Жамбыл облысының құрметті ардагері», ал Өсімжан Омаров «Меркі ауданының құрметті ардагері» төсбелгілеріне ие болды.
Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Аталған байқау – қоршаған ортаны көркейтуге, тазалық мәдениетін қалыптастыруға және жас ұрпақты табиғатты аялауға тәрбиелеуге бағытталған маңызды игі бастама.
«Ауласы әсем, гүлдері ғажап мектеп» байқауының жеңімпаздары анықталды
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1333485?lang=kk