Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі артып келеді

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемі артып келеді

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар, оны өңдеу қуаттары да артып келеді. Көкшетау қаласындағы «GARANTI EXPORT» ЖШС жылына 30 мың тоннаға дейін бұршақ, майлы және дәнді дақылдарды өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи кешенді іске қосты. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа жеткізіліп, жақын және алыс шетелдерге экспортталады.

Кәсіпорынның жұмысымен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласына жұмыс сапары барысында танысты.

Компания 2017 жылы құрылған. Ал жаңа өңдеу кешені 2025 жылы пайдалануға берілді. Бүгінде кәсіпорын өнімі Қазақстан нарығында ғана емес, шетелде де сұранысқа ие. Экспорт бағыттарының қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Әзербайжан, Тәжікстан, Грузия және Еуропалық одақ елдері бар.

Өңір басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемінің артуына байланысты оларды терең өңдеуді дамытудың маңызына тоқталды. Соңғы үш жылда Ақмола облысында майлы дақылдар егілетін алқаптардың көлемі төрт есеге ұлғайып, 838 мың гектарға жетті. Бұл өңірдің шикізат қорын едәуір нығайтып, өңдеу кәсіпорындарын дамытуға қосымша мүмкіндік берді.

«Бүгінде ауыл шаруашылығы шикізатын өсіріп, сатумен ғана шектелмей, оның негізінде қосылған құны жоғары өнім шығару маңызды. Соңғы жылдары өңірде майлы дақылдар егілетін алқаптар айтарлықтай ұлғайып, мол өнім жиналды. Ендігі міндет – облыс аумағында өнім өңдеуді жүйелі түрде дамыту. Мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтеді және өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтады», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.


Компания алдағы уақытта қосымша элеватор салу арқылы өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл ауыл шаруашылығы шикізатын қабылдау және сақтау көлемін арттыруға, өңдеу кешенінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ дайын өнім өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мұндай өндіріс орындарын дамыту Ақмола облысының аграрлық секторына жаңа мүмкіндіктер ашып, өңдеу саласының әлеуетін арттыруға және экспорт географиясын кеңейтуге жол ашады.

📱 t.me/Aqmola_region

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-aqmola/press/news/details/1333484?lang=kk