МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА «ҚЫС–2026» КОМАНДАЛЫҚ-ШТАБТЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА «ҚЫС–2026» КОМАНДАЛЫҚ-ШТАБТЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ
2026 жылғы 19–20 қараша аралығында Мақтаарал ауданы аумағында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға бағытталған «Қыс–2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.
Іс-шара Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары З.Жолдасовтың тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты — аудандық азаматтық қорғаудың басқару органдарын, күштері мен құралдарын қыс маусымында орын алуы мүмкін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға жедел ден қоюға әзірлеу.
Оқу-жаттығу аясында АҚМЖ аумақтық және салалық кіші жүйелерін қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлар қаупі төнген кезде жоғары дайындық режиміне көшіру, көлік магистральдары мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының (электр, газ, жылу, су құбырлары) жұмысы бұзылған жағдайда салалық қызметтердің өзара үйлесімді іс-қимылын жетілдіру, аудандық құлақтандыру және байланыс жүйелерінің, соның ішінде SMS-хабарландыру мен дауыс зорайтқыш қондырғылардың әзірлігін тексеру, материалдық-техникалық, азық-түлік, дәрі-дәрмек, жанар-жағармай және көктайғаққа қарсы (құм, тұз) резерв қорларының жеткіліктілігін нақтылау міндеттері пысықталды.
Практикалық кезең және жұмылдырылған күштер Оқу-жаттығу барысында Мырзакент кентіндегі арнайы белгіленген алаңда (Ақалтын және Ізгілік көшелері бойында) аудандық штаб пен азаматтық қорғау құралымдарының саптық-тактикалық байқауы ұйымдастырылып, Еңбекші ауылдық округіне қарасты Т.Жайлыбаев ауылында практикалық авариялық-құтқару іс-шаралары өткізілді.
Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұловтың басшылығымен өткен оқу-жаттығуға аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі, №20 өрт сөндіру бөлімі, аудандық полиция бөлімі, «Мырзакент» және «Атакент» аудандық орталық ауруханалары, «Қазақтелеком» АҚ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, аудандық ветеринарлық қызмет, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдіктері мен 13 салалық азаматтық қорғау қызметі жұмылдырылды.
Жаттығу барысында қар құрсауында қалған жолаушыларды іздеу-құтқару, уақытша жылыту және тамақтандыру пункттерін ашу, халықты қауіпсіз аймақтарға эвакуациялау және коммуналдық желілердегі апаттарды жедел қалпына келтіру алгоритмдері тәжірибе жүзінде сәтті пысықталды.

(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1333482?lang=kk