Олжас Бектенов Ақтөбе облысының өңдеу өнеркәсібін дамыту барысымен танысты

Олжас Бектенов Ақтөбе облысының өңдеу өнеркәсібін дамыту барысымен танысты

Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» мен жүнді терең өңдеумен айналысатын KazFeltec кәсіпорындарының жұмысымен танысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын зерделеді.

Негізгі назар отандық өндірісті кеңейтуге және қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыруға аударылды.

Өңірдегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов баяндады. 10 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн теңгеден асып, 8,2%-ға өсті. Тікелей шетелдік инвестициялар екі есеге артып, 357,2 млн АҚШ долларын құрады. Өңірде энергетика, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және басқа да салаларда жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, 400 млрд теңге инвестиция тартуға және 1,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін арнайы экономикалық аймақ құру мәселесі пысықталуда.

Ақтөбе қаласында Премьер-министр «Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС-нің өндірістік цехтарын аралады. Кәсіпорынды дамытуға 7,4 млрд теңге инвестиция салынған. Жылына 100–120 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы зауыт насос-компрессорлық және шегендеу құбырларын, фонтандық арматураларды, ысырмаларды, жылу алмастырғыштарды және басқа да мұнай-газ жабдықтарын шығарады.

Ағымдағы жылдың 9 айында шегендеу құбырларының өндірісі 31,4%-ға өсіп, 14,1 мың тоннаға жетті. Өзге мұнай кәсіпшілігі жабдықтарының өндірісі 7,4 мың тоннаны құрады (2025 жылдың осы кезеңінде – 179 тонна). Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа бағытталған және импортты алмастыруға ықпал етеді.

Үкімет басшысына өндірісті кеңейту жоспарлары таныстырылды. Жоба аясында орта және жоғары қысымға арналған клапандар мен ысырмалар шығаратын төртінші цех салу көзделген. Инвестиция көлемі – 700 млн теңге, іске қосу 2027 жылға жоспарланған. Сонымен қатар, 2 млрд теңге инвестиция тарту арқылы металдан құйма әдісімен дайындамалар мен бөлшектер өндіретін зауыт салу жобасы пысықталуда.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1333460?lang=kk