Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасованың төрағалығымен автожол саласын дамыту және реформалау мәселелері бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.
Жұмыс Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында жүргізілуде.
Отырыс барысында автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, нормативтік-техникалық базаны жетілдіру, қаржыландыру тетіктері мен жол инфрақұрылымын басқару жүйесін дамыту жөніндегі ұсыныстар қаралды.
Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып әзірленген саланы реформалаудың кешенді ұсыныстарын таныстырды. Олар жергілікті жолдарды басқару тәсілдерін қайта қарауды, жол жұмыстарын жоспарлау мен қаржыландыру тетіктерін жетілдіруді, нормативтік құжаттарды жаңартуды, сондай-ақ жол салу және жөндеу кезінде заманауи технологияларды енгізуді көздейді.
Мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыруға, оның ішінде қаржылық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге, орындалған жұмыстарға берілетін кепілдік мерзімдерін ұзартуға және анықталған ақауларды жою тетіктерін жетілдіруге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар техникалық қадағалауды күшейту, жолдардың өмірлік циклі бойында аспаптық диагностика жүргізу, пайдаланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасын жүйелі бақылау ұсынылды.
Бұдан бөлек, жол жобаларын ғылыми сүйемелдеуді дамыту, сала мамандарын даярлау жүйесін жетілдіру және жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудың бірыңғай операторын айқындау мәселелері көтерілді.
Отырыс қорытындысы бойынша нормативтік құқықтық және техникалық құжаттарға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды пысықтау, сондай-ақ автомобиль жолдарының сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған Жол картасының жобасын әзірлеу тапсырылды. Жол картасында нақты іс-шаралар, оларды іске асыру мерзімдері мен жауапты орындаушылар айқындалуы тиіс.
Автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Халықтық құрылыс» тұжырымдамасын ескере отырып, жұмыс тобы аясында жалғасады.