📌 Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетімен, ірі өндіріс орындардың қызметімен және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Өнеркәсіпті дамыту және еліміздің өндірістік әлеуетін нығайту – Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттардың бірі. Премьер-министр Хромтау ауданында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС (Көктау ауылы) мыс және мыс-мырыш кендерін өндіру және байыту кәсіпорнына, Eurasian Resources Group компаниялар тобының (Хромтау қаласы) кәсіпорнына барды. «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС өндірістік алаңында Олжас Бектенов кен байыту фабрикасы мен мыс концентратын өндіретін тау-кен байыту комбинатының жұмысымен танысты. Күрделі кендерден мыс пен мырышты пайдалы компоненттердің жоғалуын барынша азайта отырып, тиімді бөліп алуға мүмкіндік беретін селективті және ұжымдық-селективті флотация технологиялары көрсетілді. Кәсіпорында өндіріс өнімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Флотация операторының цифрлық көмекшісі» және тау-кен көлігін басқарудың автоматтандырылған жүйесі секілді цифрлық отандық әзірлемелерде қолданылады. «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас директоры Фарит Суфьянов зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 млн тонна кенді өңдеуге жететінін айтты. Кәсіпорын өз жұмысын бастағалы бері өндірісті дамытуға 407 млрд теңге инвестицияланған, 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Қазіргі уақытта серіктестік «Октябрьге 50 жыл» және «Приорское» кен орындарында жерасты кеніштерін салу, сондай-ақ «Лиманное» кен орнында өндіру жұмыстарын кеңейту бойынша жобаларды жүзеге асыруда. Бұл кәсіпорынның шикізат базасын кеңейтуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жаңа жобаларды қосқанда инвестициялардың жиынтық көлемі екі есеге артып, 800 млрд теңгеден асады. «Қазхром» ТҰК» АҚ аумағында (ERG тобына кіреді) Премьер-министр өндірістік көрсеткіштермен, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен және ERG тобының Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарын одан әрі дамыту жоспарларымен танысты. «Қазхром» ТҰК» АҚ бас директоры Ержан Абдулабеков төрт негізгі бағытты қамтитын, жалпы инвестиция көлемі $3,4 млрд болатын жаңа инвестициялық жобалар туралы хабардар етті, олар: құны $1,3 млрд болатын алюминий кластерін құру, $1 млрд-қа жуық қаражатқа энергетиканы дамыту, $800 млн-нан астам қаржыға «Болашақ» шахтасының екінші және үшінші кезектерін салу, сондай-ақ құны $300 млн болатын темір кен байыту фабрикасын салу.
«Қуатты аймақтар»: Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы тау-кен металлургия кешенінің жүйе құраушы кәсіпорындарын аралады
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-til/press/news/details/1333359?lang=kk