ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 250-ГЕ ЖУЫҚ ЕЛДІ МЕКЕННІҢ БАС ЖОСПАРЫ ЖАҢАРТЫЛУДА
Түркістан облысында 801 елді мекеннің барлығы бас жоспармен қамтылған. Сонымен қатар, 2025-2026 жылдарға арналған жол картасы аясында өңірдегі 246 елді мекеннің бас жоспарларын қайта әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы БАҚ өкілдерімен өткен брифингте Түркістан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов мәлімдеді.
«Облыс орталығы Түркістан қаласының жаңа бас жоспары Үкімет қаулысымен бекітілді. Құжатқа сәйкес, қала халқын 400 мың адамға дейін жеткізу, туристер санын жылына 5 миллионға арттыру көзделген. Тұрғын үй қоры 10,8 миллион шаршы метрге дейін ұлғайып, көпқабатты тұрғын үй салу аумағы 500 гектарға дейін кеңейтіледі. Бұл ретте қаланың тарихи келбетін сақтау мен заманауи инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген. Бұдан бөлек, облыста инженерлік желілерді жаңғырту және цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Қала құрылысы талаптарының сақталуы да бақылауда. Геопортал арқылы аудан және қала орталықтарында қызыл сызыққа түскен 103 нысан анықталған. Оның ішінде заң талаптарына сәйкес бұзу жөнінде шаралар қабылданып, 3 нысан сот шешімімен, тағы 7 нысан меншік иелерінің есебінен бұзылды. Сонымен қатар, облыстың аудан және қала орталықтарында бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастыру мақсатында дизайн-код әзірлеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта екі аудан мен қала орталығында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Түркістан қаласындағы «Арбат» аумағын дамыту, сауда орталығы, темір жол бекеті маңын абаттандыру және басқа да инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жоспар дайындалуда. Сондай-ақ, биыл Қарашық өзенінің бойында 50 гектар аумақта жаңа экопарк ашылып, Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекенінде «Khantau» демалыс аймағы іске қосылды» - деп баяндады басқарма басшысы,