Алматыда азаматтық қоғамның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі талқыланды

Алматыда азаматтық қоғамның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосатын үлесі талқыланды

Алматыда «Ынтымақтастық көпірлері: азаматтық қоғам, бизнес және мемлекет» атты конференция өтті. Оған мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнестің, сарапшылар қауымдастығы мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференцияда коммерциялық емес сектордың экономика мен әлеуметтік салаға қосатын үлесі жөнінде «АРГО» жүргізген зерттеу нәтижелері таныстырылды. Зерттеу жұмыс орындарын ашу, салық төлеу, волонтерлік қызмет және әлеуметтік қызмет көрсету бағыттарын қамтыды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бағалағанда ұйымдар мен іске асырылған жобалардың санымен шектелмеу керектігін атап өтті. Оның айтуынша, олардың экономикаға, адами капиталды дамытуға және әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуге қосатын нақты үлесін де ескеру қажет.

Сондай-ақ министрліктің үкіметтік емес ұйымдардың үлесін бағалау жүйесін әзірлеуге кіріскені айтылды.

Қатысушылар үкіметтік емес ұйымдар, бизнес пен мемлекет арасындағы әріптестікті дамытуға, жобалардың қоғамға әсерін бағалау тетіктерін енгізуге және ұзақмерзімді ынтымақтастыққа көшуге ерекше назар аударды.

Конференцияда азаматтық қоғамды дамытудың жаңа тәсілдері мен бірлескен әлеуметтік бастамалардың тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.

Іс-шараны Конрад Аденауэр атындағы қор мен MOST қолдауымен «АРГО» азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы ұйымдастырды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mam;akk/press/news/details/1333226?lang=kk