Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында Ақтөбе облысында инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында жобалар жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға, қалалар мен ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді.
2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында өңірдің негізгі капиталына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,6 трлн теңгені, құрылыс жұмыстарының көлемі 403,8 млрд теңгені, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 396,1 млрд теңгені құрады. Өңірде 760,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 10 айда 19 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Қазіргі таңда өңір экономикасының негізгі тірегі – өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салалары. Өнеркәсіпте кен өндіру және өңдеу бағыттары дамып келеді. Аграрлық секторда өсімдік және мал шаруашылығына басымдық берілген. Жел электр станциялары мен логистикалық хабты қоса алғанда, жаңа инвестициялық жобалар экономиканың осы негізін толықтырып, халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр.
Облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,6 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,6%-ға өсті. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің көлемі 15 млрд теңгені құрап, 3,3%-ға артты. Атап айтқанда, металл кендерін өндіру 4%-ға, шикі мұнай өндіру 2%-ға, табиғи газ өндіру 1,3%-ға өсті. Сондай-ақ өзге де пайдалы қазбаларды өндіру көлемі мен тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі қызметтер көлемі артты.
Өңдеу өнеркәсібінде 930 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі 21,9%-ға, тамақ өнімдерін өндіру 9,6%-ға, металл емес минералдық өнімдер өндірісі 18,3%-ға, машина жасау саласы 13,3%-ға өсті. Сусындар өндірісі 8%-ға, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 54,3%-ға артса, фармацевтикалық өнім өндіру 2,7 есе өсті.
Биылғы 10 айда облыста жалпы құны 38,5 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 170-ке жуық жұмыс орны ашылды. Олардың қатарында Хромтау ауданындағы екі жел электр станциясы, металл өңдеу және жөндеу орталығы, сауда-ойын-сауық орталығы, газ электр станциясы, құрылыс қоспаларын өндіру көлемін арттыру жобасы және жол бойындағы сервистік нысан бар. Жыл соңына дейін тағы үш жобаны, оның ішінде екі жел электр станциясын және дәрілік заттар қоймасын салудың бірінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.
Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында облыста арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту жұмыстары жүргізіліп келеді.
«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының аумағы 1,6 мың гектарға жетті. Оның қатысушылары тізіліміне алты ірі жоба енгізілген.
«Ақтөбе» индустриялық аймағында химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, логистика және басқа да салалардағы кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Мұнда барлығы 20 жоба жүзеге асырылып, 671-ден астам жұмыс орны ашылған.
«Хромтау» индустриялық аймағында ауданның ірі кәсіпорындары – Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Ақтөбе мыс компаниясы» және «Восход» тобының айналасында өнеркәсіптік кластер қалыптастыруға жағдай жасалып жатыр.
Іскерлік белсенділіктің артуы тұрғын үй құрылысы мен көлік инфрақұрылымының дамуымен қатар жүруде. Осы жылдың 10 айында өңірде 760,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 403,8 млрд теңгені құраған. Жалпы, 2026 жылы 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен бірге тасымалдау көлемі де артып келеді. Қаңтар-қазан айларында көліктің барлық түрлерімен 66,4 млн тонна жүк тасымалданды – бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,3%-ға артық. Жолаушылар саны 71,3 млн-ға жетті, өсім 5,7%-ды құрады.
Жолаушылар үшін Мемлекет басшысының теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі бастамасы шеңберінде өңірде теміржол вокзалдары жаңартылуда. Бағдарлама жеті нысанды қамтиды және 10,7 млрд теңгеге бағаланған. Ақтөбе, Алға, Шалқар, Жем, Шұбарқұдық және Қарауылкелді стансаларында жұмыстар аяқталды. Қандыағаш вокзалындағы жұмыстар кесте бойынша жалғасуда.
Тағы бір көлік жобасы Ақтөбе әуежайының аумағында жүзеге асырылуда. Мұнда түріктің SISTEM LOJISTIK және Kazpost компаниялары бірлесіп дамытатын көпфункционалды логистикалық хаб үшін алаң дайындалуда. Қазір жобалық құжаттама әзірленуде, инженерлік желілерге қосылу үшін техникалық шарттар ресімделуде және құрылысқа дайындық жүргізілуде.
Автомобиль инфрақұрылымын дамыту шеңберінде ұзындығы 262 шақырым болатын «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» тас жолында алғашқы 28 шақырымдық бөлігі аяқталды және пайдалануға берілді, жобаның құны – 496,3 млрд теңге. Жалпы, құрылыс, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары 1,8 мың шақырымнан астам жолды қамтиды. Бұл ретте қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 78%-дан 84%-ға дейін өсті. 2029 жылға қарай оны 95%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.
Өңірде коммуналдық желілерді жаңғырту жалғасуда. Жөндеу науқаны аясында 633 қазандық, 91,7 шақырым су және кәріз желілері, 11,4 шақырым жылу және 304,7 шақырым электр желілері жөнделді. Сондай-ақ мұндай жұмыстар әлеуметтік және коммуналдық 1 089 нысанда жүргізілді.
Ақтөбе жылу электр орталығында 13 қазандық пен алты турбоагрегаттағы жұмыстар аяқталды. «Энергосистема» компаниясы 304,7 шақырым электр желілері мен 136 бірлік электр жабдықтарын жөндеді. Құны 16,8 млрд теңге болатын инвестициялық бағдарлама шеңберінде 590,4 шақырымдық желіде жұмыстар жалғасуда, оны осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 2026 жылы коммуналдық ұйымдар жалпы сомасы 25,1 млрд теңгеге жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау және есептеу аспаптарын орнату саласындағы жобаларға 17 өтінім берді. Сегіз жоба бойынша мердігерлермен келісімшарттар жасалды, бесеуінде құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Келесі жылға жалпы құны 30,4 млрд теңге болатын 14 жобаның тізбесі дайындалды.
Өңірді газбен қамту аясында биыл 4 мыңға жуық адам тұратын 9 ауылда көгілдір отын тартылды. Алға ауданы Жерұйық ауылында газ құбырының құрылысы соңғы сатысында тұр.
Сонымен қатар, ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнімі жыл басынан бері 396,1 млрд теңгені құрады. Егін жинау науқаны аяқталды: 435 мың гектар алқаптан шамамен 625 мың тонна астық жиналды. Саланы қолдауға 2026 жылы 16,5 млрд теңге бөлінді, ал «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 67 шаруашылыққа 8 млрд теңге несие берілді. Тұтастай алғанда агросекторда 2026-2027 жылдарға жалпы құны 94,9 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба жоспарланған. Сонымен қатар, СҚО тәжірибесін көбейтіп тарату бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен «Ramazan Qus» ЖШС-ның құс фабрикасын жаңғыртуға 1,6 млрд теңге несие бөлінді.
Жалпы, жыл басынан бері өңірде 19 мыңға жуық жұмыс орны құрылды, оның 11 мыңға жуығы – тұрақты жұмыс орындары.