Бүгін аудан әкімі Ерлан Төрәлиевтің төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібінде отандық өндірісті дамыту және қолдау шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралып, алдағы міндеттер айқындалды.
«Бүгінгі Үкімет отырысында отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралып, аймақ басшысы тарапынан нақты тапсырмалар берілді. Аудан көлемінде кәсіпкерлікті дамыту, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашу – қазіргі таңда біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Осы ретте кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, өндіріс орындарының жұмысын жандандыру және жаңа кәсіпкерлік жобаларды іске асыру бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет. Жыл қорытындысымен бекітілген индикаторлардың орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырамын. Межеленген экономикалық өсім жоспары бақылауға алынып, сапалы орындалуы тиіс», – деді Е.Төрәлиев.
Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Мардан Жамалатов аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
Аудан бойынша 2026 жылға негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өнеркәсіп өнімі көлемі 45,5 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібі 21,5 млрд теңге, негізгі капиталға салынған инвестиция 24,8 млрд теңге, бөлшек сауда көлемі 5,2 млрд теңге болып бекітілді.
Биыл отандық тауар өндіруші кәсіпкерлер мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 91 жоба бойынша 2,7 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау тапқан.
Аудан әкімі кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландыру бойынша ең төмен көрсеткіш көрсеткен ауылдық округ әкімдеріне ескерту жасап, мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау шараларын көрсетуді үйлестіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, жауапты сала басшыларына өндірілген өнімдерді насихаттау және ақпараттандыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру міндеттелді.
Жиын қорытындысымен күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты бөлім басшылары мен кент, ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.