Лондон, 2026 жылғы 17 қараша – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінде Халықаралық студенттер күніне орай қазақстандық студенттермен кездесу өтті.
Іс-шараға Ұлыбритания, Ирландия және Исландия жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттер қатысты. Кездесу Елшілік пен қазақстандық студент жастар арасындағы байланысты нығайтуға, Ұлыбританияда білім алу және тұру мәселелерін талқылауға, сондай-ақ Елшіліктің алдағы бастамалары мен іс-шаралары туралы ақпарат беруге бағытталды.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Әлібек Бақаев студенттерді мерекемен құттықтап, еліміздің халықаралық беделін нығайтудағы олардың маңызды рөлін атап өтті.
Кездесу барысында Елші Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестіктің дамуы, елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар және Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттар туралы баяндады. Осы орайда Қазақстан Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауының негізгі ережелеріне ерекше назар аударылып, жасанды интеллект пен цифрлық экономиканы дамыту, инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту, сондай-ақ шетелде білім алып, озық тәжірибе жинақтап жүрген жас мамандарға деген сұраныстың артуы мәселелері атап өтілді.
Іс-шара аясында қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына, халықтың бірлігі мен тәуелсіздік жолындағы күресіне арналған «Ұлы дала таңы» тарихи көркем фильмі көрсетілді.
Сонымен қатар, Елшілік өкілдері студенттерге консулдық қызметтерді алу тәртібін түсіндіріп, уақытша консулдық есепке тұрудың маңыздылығын атап өтті. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салды.
Елшілік қазақстандық студенттермен байланысты одан әрі нығайтуға, олардың қоғамдық, мәдени және білім беру салаларындағы бастамаларын қолдауға баса мән береді. Сондай-ақ алдағы уақытта да еліміздің жас буынын Қазақстанның игілігі жолындағы шығармашылық және креативті жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға тартуды жоспарлап отыр.