Жер ресурстарын қорғау, табиғи ландшафтты сақтау және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Осы орайда, Талғар ауданының прокуратурасы төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың және «Қазселденқорғау» ММ өкілдерімен бірлесіп, ауданның таулы және тау бөктеріндегі аумақтарын игеру кезінде жер және табиғат қорғау заңнамасының сақталуы бойынша көшпелі іс-шаралар өткізді.
Іс-шаралар барысында тау беткейлерінің табиғи жер бедерін заңсыз өзгерту фактілері анықталды.
Атап айтқанда, жекелеген жер учаскелерінің меншік иелері арнайы техниканы пайдалана отырып, кейіннен құрылыс жүргізу мақсатында тау беткейлерін механикалық жолмен кесу, топырақтың едәуір көлемін жылжыту және аумақтарды жасанды түрде тегістеу арқылы ауқымды жер қазу жұмыстарын жүргізгені анықталды.
Табиғи ландшафтқа мұндай араласу тау беткейлерінің тұрақтылығын бұзып, көшкіндердің, опырылулардың және өзге де қауіпті геологиялық процестердің туындауына әкеп соғуы, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына ықтимал қауіп төндіруі мүмкін.
Қабылданған прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 337-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Прокуратура органдары тарапынан осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу, таулы және тау бөктеріндегі аумақтарды игеру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.