Түркістан облысында мал шаруашылығын дамыту, шағын шаруашылықтарды қолдау және ет өндірісінің көлемін арттыру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінде салынып жатқан заманауи мал бордақылау кешені. Қазақстанда баламасы жоқ бұл жоба шағын мал өсірушілерді бір орталыққа біріктіріп, өнім өндіруден бастап, етті өңдеу мен өткізуге дейінгі процестерді жүйелеуге бағытталған. Жоба облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен жүзеге асырылуда.
Жоба аясында жалпы аумағы 40 гектар жер учаскесі бөлінген. Кешен бір мезгілде 25 мың басқа дейін мал бордақылауға есептелген. Мұнда 74 шаруа қожалығына әрқайсысына 50 сотықтан жер учаскесі берілген. Қазіргі таңда 39 қораның құрылысы жүргізілуде. Жоба толық іске қосылғанда жылына 25 мың бас мал бордақылап, 5 мың тонна ет өндіру жоспарланған.
Кешенде мал шаруашылығын жүргізуге қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған. Атап айтқанда, сағатына 120 басқа дейін мал союға арналған орталықтандырылған желі, сыйымдылығы 1 000 текше метр тоңазытқыш қоймасы және ветеринариялық-санитариялық зертхана болады. Сонымен қатар кешенде ветеринар дәрігер, бухгалтерлік қызмет және келушілерге арналған қонақ үй қарастырылған.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – өндіріс қалдықтарын тиімді кәдеге жарату жүйесі. Сойылған малдың қаны, сүйектері мен ішкі ағзалары арнайы цехта қайта өңделіп, балық шаруашылығына арналған құнарлы жем өндіріледі. Дайын өнім балық өсіру кешендеріне өткізілетін болады. Бұл өндіріс қалдықтарын тиімді пайдалануға және қосымша өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Кешен аумағында малшыларға арналған жалпы ауданы 4 мың шаршы метрді құрайтын 74 типтік тұрғын үй салу көзделген. Бұдан бөлек, мұнда еңбек ететін азаматтардың әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, малшылардың балаларын мектепке тасымалдау ұйымдастырылады.
Аталған бастама шағын шаруашылықтардың өндірістік мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, мал шаруашылығындағы кооперацияны дамытуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар ет өндірісі көлемінің артуы ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және отандық ет өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі