ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда отандық өндірісті дамыту және қолдау мәселелері қаралды. Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы қатысты.
Үкімет отырысында Премьер-министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында отандық өнімдер мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, сондай-ақ елімізде өндірілетін тауарларға, оның ішінде мемлекеттік сатып алулар арқылы тұрақты сұранысты қамтамасыз етуге ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының отандық өндірісті дамыту, жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңір экономикасындағы өнеркәсіп саласының үлесі жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру, жиһаз жасау салаларындағы кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті кезең-кезеңімен күшейтілуде.
2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 513,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,8%-ға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 763,6 млрд теңгеге жетіп, өсім 33,4%-ды құрады.
Отандық өндірісті қолдау мақсатында облыста бірнеше негізгі бағыт бойынша нақты шаралар қолға алынған.
Бірінші бағыт – индустриялық және арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын дамыту және жаңа өндіріс орындарын іске қосу.
Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 1 450 гектарды құрайтын 5 өнеркәсіптік-экономикалық аймақ және 1 931 гектар аумақта орналасқан 21 индустриялық аймақ бар. Бүгінде аталған аймақтарда жалпы құны 1 022,2 млрд теңгені құрайтын 142 өндірістік жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар кәсіпкерлерге өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға қолайлы жағдай жасау мақсатында шағын өндірістік парктерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Мұнда инвесторларға дайын өндірістік ғимараттар ұсынылып, жобаларды жүзеге асыруға кететін уақыт пен шығынды едәуір қысқартуға мүмкіндік жасалған.
Қазіргі таңда облыста 29 шағын өндірістік парк құрылды. Оның аясында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталып, 164-і пайдалануға берілді. Нәтижесінде 107 өндірістік жоба іске қосылды.
Екінші бағыт – жергілікті азық-түлік өндірушілерді қолдау.
Бұл бағытта мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік мекемелерді азық-түлікпен қамтамасыз ету кезінде жергілікті өнімдердің үлесін арттыруға басымдық берілуде. Осы мақсатта мердігер ұйымдар мен отандық тауар өндірушілер арасында меморандумдар жасалған. Бүгінде әлеуметтік мекемелерді азық-түлікпен қамтамасыз етудегі жергілікті өнімдердің үлесі 29,5%-ды құрап отыр.
Облыс аумағында азық-түлік өндіретін 21 ірі және 114 орта кәсіпорын жұмыс істейді. 2026 жылдың 9 айында ірі кәсіпорындар 150,1 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіріс көлемін 21%-ға арттырды.
Бұдан бөлек, жергілікті өндірушілерді ішкі нарықта қолдау мақсатында сауда базарларымен және 70 ірі супермаркетпен меморандумдар жасалды. Құжаттарға сәйкес, сауда орындарының сөрелеріндегі отандық азық-түлік өнімдерінің үлесі 50%-дан кем болмауы тиіс.
Үшінші бағыт – отандық өндірісті дамыту арқылы импортты алмастыру.
Осы мақсатта өңірдің импорттық құрылымына талдау жүргізілді. Нәтижесінде жергілікті шикізат базасын тиімді пайдалану есебінен 153,8 млн АҚШ доллары көлеміндегі ауыл шаруашылығы техникасын, сусындарды, күнбағыс майын, кондитерлік өнімдерді, тоқыма және трикотаж бұйымдарын, сүт, ет және балық өнімдерін, сондай-ақ алюминий бұйымдарын өз өңірімізде өндіру мүмкіндігі анықталды.
Импортты алмастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 179,2 млрд теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде жүгеріні терең өңдеу, түрлі түсті сусындар, жіп иіру, ламинат, тоңазытқыш жабдықтары мен газ қазандықтарын өндіру, сондай-ақ бір реттік ыдыс-аяқ, орау материалдары (скотч) және алюминий бұйымдарын шығару жобалары іске қосылды.
Сонымен қатар импортты алмастыру бағытында жалпы құны 574,8 млрд теңгені құрайтын 46 жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар өңір кәсіпорындарының өндірістік қуатын тиімді пайдалануға, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға және отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысы отандық тауар өндірушілерді қолдау, өндіріс көлемін ұлғайту және өңірдің инвестициялық әрі өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі