Еңбек министрлігінің Ұлттық ғылыми орталығы роботтандырылған протездеу технологиясын енгізуде

Еңбек министрлігінің Ұлттық ғылыми орталығы роботтандырылған протездеу технологиясын енгізуде

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығы роботтандырылған протездеу технологиясын тәжірибеге енгізді. 16–19 қараша аралығында Алматы қаласында Орталық мамандары ем алушыларға электр жетегі бар Power Knee тізе модулін орнатуда. Орталықтың мәліметінше, аталған технология ТМД елдерінде клиникалық тәжірибеде алғаш рет қолданылуда.
Жаңа технология Орталықтың өз әзірлемесі негізінде енгізіліп жатыр. 2025 жылы мамандар қозғалыс белсенділігі жоғары адамдарға арналған Power Knee модулі бар сан протезін дайындаудың эксперименттік технологиялық процесін әзірледі.
Аталған протездің алғашқы пайдаланушысы – отырып ойнау волейболынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, паралимпиадашы Пердебай Намұратов. Ол Қазақстан құрамасы сапында 2025 жылы Азия чемпионы атанып, 2026 жылы Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері болды.
Power Knee тізе модулін Исландияның Össur компаниясы шығарады. Бұл – микропроцессорлық басқару жүйесі мен белсенді электр жетегі бар сан протезіне арналған заманауи модуль. Кәдімгі механикалық протез адамның қозғалысын қайталаса, Power Knee қозғалыс жасауға белсенді түрде көмектеседі. Ол жүру жылдамдығы мен қадам ырғағына бейімделіп, орындықтан тұруға, баспалдақпен көтерілуге және түсуге мүмкіндік береді.
Сан деңгейінде ампутация жасалған адамдар үшін мұндай технология күнделікті қозғалыс кезінде түсетін күшті азайтып, өз бетінше әрекет ету мүмкіндігін кеңейтеді. Дегенмен протездің әр адамға барынша пайдалы болуы оның физикалық жағдайына, құрылғының дұрыс бапталуына және оны қолдану дағдыларын меңгеруіне байланысты.
– Бұрын баспалдақпен көтерілу немесе ұзақ жүру көп күшті талап ететін. Қазір жаңа протезге үйреніп, оған сенім артып келемін. Қозғалысымның бұрынғыдан сенімді бола бастағанын сезіп жүрмін. Осындай технологиялар алдағы уақытта ұлттық құрамадағы басқа да спортшыларға қолжетімді болады деп үміттенемін, – деді Пердебай Намұратов.

Орталық мамандарымен бірге Össur компаниясының Азия мен Таяу Шығыс өңірлері бойынша клиникалық маманы, протездеу және ортездеу саласында 25 жылдық тәжірибесі бар Луи Даниэль Бирманн жұмыс істеуде. Мамандар протезді ем алушының жеке ерекшеліктеріне қарай бейімдеп, жүріс-тұрысын талдайды, сондай-ақ құрылғыны қауіпсіз пайдалануды үйретеді.
Осы күндері Орталық мамандарына арнап семинарлар мен шеберлік сабақтары да өткізілуде. Олардың барысында мамандар жүйені баптау және протездеуден кейін пациенттерге қолдау көрсету тәсілдерін меңгереді. Бұл Орталыққа қажетті кәсіби құзыреттерді қалыптастырып, алдағы уақытта осындай жұмыстарды Қазақстанда өз күшімен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Орталық мүгедектігі бар спортшылар мен қозғалыс белсенділігі жоғары адамдарға арналған жоғары технологиялық протездеу бағытын дамытуда. Қазіргі уақытта Туризм және спорт министрлігінің Спорт істері комитетімен бірлесіп, халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсететін 12-ден астам паралимпиадашыны протездеу мәселесі пысықталуда.
2026 жылдың соңына дейін спортшыларды заманауи протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Әр спортшыға протез оның қозғалыс мүмкіндіктері, физикалық дайындығы мен айналысатын спорт түрі ескеріле отырып, жеке таңдалады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-pavlodar/press/news/details/1332084?lang=kk