Өмірзақ ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді

Өмірзақ ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді

Бүгін, 18 қарашада Ақтау қаласына қарасты Өмірзақ ауылының әкімі Бисенғали Кенжалиев тұрғындармен есептік кездесу өткізді. Жиынға Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш қатысып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму барысымен және алдағы жоспарларымен танысты.

Қазіргі таңда Өмірзақ ауылы мен оған қарасты «Ақ желкен», «Оймаша» және «Рауан» тұрғын алаптарында 8 мыңға жуық адам тұрады. Ауылда 3 мектеп, 11 балабақша және 2 дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді.

Бисенғали Кенжалиевтің айтуынша, ауылдың инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, Өмірзақ ауылын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу жұмыстары жүргізіліп, 2 шақырым құбыр тартылды. Сонымен қатар тұрғын үйлерді жөндеу, көшелерді жарықтандыру, жолдарды күтіп ұстау және абаттандыру шаралары қолға алынған.

– Ауылдың әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымын дамытуға да басымдық беріліп отыр. Өмірзақ ауылында 200 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылысын қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ ауыл мен Рауан тұрғын алабында спорт кешендерін салу, балалар ойын және футбол алаңдарын көбейту жоспарланған, – деді ауыл әкімі Бисенғали Кенжалиев.

Кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту және тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл 4-6 жобаны жеңілдетілген несиемен қаржыландыру көзделген. Бұдан бөлек, ауыл іргесіндегі мал қораларын көшіру мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде.

Кездесу барысында қала әкімі ауылдың даму әлеуетін арттыру, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Жиын соңында ауыл тұрғындарының өзекті мәселелері тыңдалды. Көтерілген мәселелерді заң аясында шешу жолдарын қарастыру бойынша қала әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/akimat-goroda-aktau/press/news/details/1332055?lang=kk