Облыс орталығында патрульдік қызмет атқарып жүрген полиция батальонының қызметкерлері Камзин көшесінің бойынан жылап келе жатқан қызды байқайды. Қыз оларға 2 млн теңгені белгілі бір шотқа аударып, «ақшаның шынымен өзіне тиесілі екенін дәлелдеуі» қажет екенін айтқан.
Капитан Дархан Макажанов пен капитан Еламан Каримовтың жедел әрекетінің арқасында қаржылық шығынның алдын алып, қызды алаяқтардың құрбаны болудан қорғау мүмкін болды.
– Олар маған психологиялық қысым көрсетіп, ақша менікі емес, ұрланған қаражат екеніне сендірді. Алдымен белгісіз адам қоңырау шалып, SIM-картамның қолданылу мерзімін ұзарту қажеттігін айтты және кодты жіберуді сұрады. Кейін менің нөмірім арқылы екі шот ашылып, оған алаяқтар ақша аударып жатқанын хабарлады. Маған барлық жинаған қаражатымның өзіме тиесілі екенін «дәлелдеуім» керектігін, әйтпесе бас бостандығымнан айырылуым мүмкін екенін айтты. Әңгімелер біраз уақытқа созылып, мен абдырап, қатты қобалжыдым. Үйден шығып, банкке 2 млн теңгені белгісіз адамдар көрсеткен шотқа аудару үшін бет алдым.
Бақытыма орай, жолда полицейлер кездесіп, мені тыңдап, сабырға шақырды және алаяқтықтың алдын алу үшін тиісті шаралар қабылдады. Олар дереу тексеру жүргізіп, банк ұйымдарына хабарласып, менің атыма ешқандай кредиттік міндеттемелер рәсімделмегенін анықтады. Қайтадан алаяқтық әрекеттердің жасалуына жол бермеу үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы «Стоп-кредит» қызметін қосуға көмектесті. Бұл менің келісімімсіз несие рәсімдеу мүмкіндігін болдырмайды, – деді қала тұрғыны.
Полиция азаматтарды тағы да қырағы болуға, алаяқтардың арбауына түспеуге және күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу полицияға жүгінуге шақырады.
Айта кету керек, өңірде интернет-алаяқтықтың 1337 фактісі тіркелген. «Anti-fraud» және «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында SIM-карталарды заңсыз іске қосумен және ақшалай қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан адамдар ұсталды.
Заңсыз айналымнан 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 абоненттік SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді.
Жалпы, интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33-ке жуық адам ұсталды. Олардың ішінде үшеуі кәмелетке толмаған.
Павлодар облысында полицейлердің жедел әрекеті алаяқтықтың алдын алды
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1330857?lang=kk