Соңғы үш жылда Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне (АӨК) бөлінетін жеңілдетілген қаржы көлемі он еседен астам өсті. Атап айтқанда, 2023 жылғы 140 млрд теңгеден 2026 жылы 1,5 трлн теңгеге жетті. Қаржыландыру көлемінің артуы мемлекеттік қолдаудың аясын кеңейтуге, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен мал шаруашылығын дамытуға тың мүмкіндік берді.
Бөлінген қаражаттың басым бөлігі маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған. 2026 жылы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 750 млрд теңге қарастырылды. Оның 665 млрд теңгесі игерілді. Жеңілдетілген несие арқылы 7,8 млн гектардан астам егіс алқабы қаржыландырылды.
Келесі аграрлық маусымға дайындық та алдын ала қолға алынуда. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап 2027 жылғы көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыруға өтінім қабылдау басталды. Бұл бағдарламаға 200 млрд теңге бөлінді. Мұндай қолдау шаруаларға қажетті айналым қаражатын алдын ала қамтамасыз етіп, егіс науқанына уақтылы дайындалуға мүмкіндік береді.
Өсімдік шаруашылығымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және мал шаруашылығы салаларын қаржыландыру да кеңейтілуде. 2026 жылы осы бағыттардағы кәсіпорындар мен шаруашылықтардың айналым қаражатын толықтыруға бөлінетін қаржы екі есеге артып, 215 млрд теңгеден асты. Оның ішінде 121,1 млрд теңге өңдеу кәсіпорындарына, 94,8 млрд теңге мал шаруашылықтарына бағытталады.
Салаға инвестиция тартуда ұзақ мерзімді жеңілдетілген кредиттеу тетігінің маңызы зор. Биыл «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруға 270 млрд теңге қарастырылған. Оның 170 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы, 100 млрд теңгесі «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылады.
Мал шаруашылығын дамыту аясында ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға 64,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 49 млрд теңгелік қаржыландыру 49 шаруашылыққа берілді. Бұл қаражат ірі және ұсақ мал сатып алуға жұмсалады. Нәтижесінде мал басын көбейтуге және шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік туады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласы да қарқын алып келеді. Өнімді өңдеу және сақтау бағытындағы инвестициялық жобаларға 86,8 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражат кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға, астық сақтау инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдейтін жаңа нысандар салуға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуға жол ашады.
Сол арқылы отандық өнімді өңдеу көлемі ұлғайтылып, шикізат экспорттаудан қосылған құны жоғары дайын өнім өндірілмек.
Ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды бағыттарының бірі – техникалық жаңғырту. Биылғы жылы отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингпен сатып алуға 350 млрд теңге қарастырылды. Қазіргі таңда шаруалар жалпы құны 295 млрд теңгелік 9,3 мыңнан астам техника сатып алды.
Машина-трактор паркін жаңарту шаруашылықтарды заманауи техникамен жарақтандыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және өндіріс тиімділігін күшейтуге ықпал етеді.
Келесі жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға арналған қаржылық тетіктерді одан әрі жетілдіру және кеңейту жалғасады. Негізінен жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға, инвестиция тартуға, мал шаруашылығы мен өнім өңдеу салаларын дамытуға, сондай-ақ өндірістік инфрақұрылымды жаңартуға басымдық беріледі.
Осылайша, мемлекеттік қолдау маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландырумен шектелмей, агроөнеркәсіп кешенін жан-жақты дамытуға бағытталған кешенді тетікке айналып келеді. Жеңілдетілген қаржы көлемінің артуы, инвестициялық бағдарламалардың кеңеюі және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту өндіріс тиімділігін арттырып, отандық өнім көлемін ұлғайтып, Қазақстанның халықаралық аграрлық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтады.