ИННОВАЦИЯ МЕН ТӘЖІРИБЕ АЛАҢЫ: СЫРЫМ АУДАНЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ СЕМИНАРДЫҢ АНЫҚТАМАСЫ
Білім беру бөлімінің жұмыс жоспарына сәйкес 11 қараша күні Сырым ауданы білім беру бөлімінің «Балдырған» балабақшасының базасында «Цифрлық дәуірдегі мектепке дейінгі білім беру: инновация мен шығармашылық» тақырыбында облыстық тәжірибе алмасу семинары өтті. Іс-шара облыстық «Бәрін білгім келеді» интеллектуалдық дамыту зертханасының жоспарына сәйкес («Балабақшадағы инновациялық іс-әрекет») және аудандық «SMART педагог» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты: мектепке дейінгі білім беру үдерісінде заманауи цифрлық технологиялар мен инновациялық тәсілдерді тиімді енгізу, педагогтердің цифрлық шығармашылық әлеуетін дамыту және озат педагогикалық тәжірибені кеңінен тарату. Шараға облыстың мектепке дейінгі ұйымдарының меңгерушілері, әдіскерлері, тәрбиешілері және ардагер ұстаздар қатысты.
Шара қонақтарды қарсы алумен басталып, «Аружан» би ансамблінің «Мерекеге шашу» биімен (жетекшісі А.О. Саргузиева) және «Бір мектеп – бір бақ, бір еңбек – мол өнім» көрмесімен (В.М. Тулекова, Д.С. Нуриденова, А.Н. Сүйіншалиева) ашылды. Семинарға Сырым ауданы білім беру бөлімінің бас маманы Қ.А. Амангалиев пен БҚО білім басқармасының әдістемелік орталығының әдіскері А.С. Саматов құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік тіледі. Әрі қарай «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі В.М. Тулекова семинар қатысушыларына балабақшаның білім беру кеңістігіне саяхат жасап, «Сырымнама» атты Сырым ауданының тарихи цифрлық киносы көрсетілді (Ж. Мендешұлы, А.Ә. Ғабдықұл). Семинардың сәнін келтірген ерекше сәттердің бірі — Қадыр Мырза Әлі өлеңдерін балалардың хормен жаттап айту әдісі көрсетіліп, қыздардан құралған ансамбль жетігеннің сүйемелдеуімен «Айым болып тудың ба?» әнін екі дауыста шебер орындауы болды (Р.У. Жанклишева). Сонымен қатар «Өсірген бағымыз – өнегелі тәрбиеміз» экологиялық жобасының нәтижелері мен жетістіктері таныстырылды (В.М. Тулекова).
Семинарда ұсынылған озық тәжірибелер:
Тәжірибе алмасу бөлімінде «SMART ECO БАЛАБАҚША – болашаққа бастар қадам» тақырыбында шеберлік сыныбы өтіп (А.Т. Ергалиева, С.Н. Канатова), «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында ертегілерді ата-аналарға оқытып, оның аудиожазбасын балаларға тыңдату сынды инновациялық кейстер ұсынылды (Р.О. Жанклишева, А.Ә. Ғабдықұл). Ересек топ бүлдіршіндері «Робот» биін тарту еткеннен кейін (А.О. Саргузиева), авторлық «AIBARYS» платформасы арқылы ойынды алгоритм мен роботтық әрекетке ұластырған бинарлық шеберлік сыныбы көрсетіліп (Ж. Мендешұлы, А.К. Сидекова, М.С. Хабиева), «Ырғақты тренд қимыл» сергіту тренингі өткізілді (А.К. Сидекова). Сондай-ақ «Идеядан мультфильмге дейін: тәрбиешінің ЖИ шеберханасы» шеберлік сыныбында жасанды интеллект мүмкіндіктері паш етіліп (Г.Ж. Есенова, Г.С. Кәкімова), «Ұлттық ойындар әлемі: дәстүрден цифрлық кеңістікке» шеберлік сыныбында «Ақ отау», «Қызыл асық», «Садақ ату», «Жылжымалы тайқазан» ойындары дәстүрлі әрі цифрлық форматта ұштастырылып көрсетілді (Г.Н. Избулатова, А.С. Бейсова).
Шара барысында «Сырым елінің мектепке дейінгі білім беру тарихы» атты электрондық кітапшаның тұсауы кесіліп (ардагер ұстаз Н.Ұ. Абдрашева, В.М. Тулекова), педагогтер хоры «Ұстаздар» әнін шырқады және заманауи QR мен экран арқылы подкаст форматында кері байланыс орнатылды (А.М. Каденова).
Кері байланыс барысында семинарға келген педагогтер барлық шеберлік сыныптар мен шығармашылық ізденістердің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, ұсынылған тың әдіс-тәсілдердің тәжірибеде қолдануға өте тиімді әрі мазмұнды болғанын жеткізді.
Семинар соңында қатысушылар жаңадан ашылған «Сұлу-ай» және «Тамаша» жеке бөбекжай-бақшаларының тыныс-тіршілігімен танысып, тағылымды шара танымдық саяхатпен аяқталды (А.С.Анесова, Г.Н. Нурмуханова, Г.О.Бегдовлет).
МДҰ әдіскері А.Махсотова