Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауы өндірістің дамуына серпін береді – Ерсайын Нағаспаев

Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауы өндірістің дамуына серпін береді – Ерсайын Нағаспаев

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында шикізатты терең өңдеу және өндірісті үйлесімді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Қазақстанда өндірілетін 3,4 млн тонна мыс концентратының шамамен 59%-ы өңделеді. Мыс концентратын ел ішінде өңдеу ісін ынталандыруға бағытталған тарифтерді мемлекеттік реттеуді енгізу жөніндегі түзетулер әзірленді. Балқаш пен Ақтоғайда әрқайсысының қуаты 300 мың тоннаны құрайтын екі мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр. Көксай және Айдарлы жобаларын іске асыру қосымша 1,7 млн тонна мыс концентратын өндіруді қамтамасыз етеді. Нәтижесінде 2030 жылға қарай мыс концентратын өндіру көлемін 1,5 есе, ал мысты өндіру көлемін 2 есе арттыру жоспарланып отыр. Бұл, өз кезегінде, мыстан дайын өнім шығару көлемін екі еседен асырып, 40 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді.

Локализациялауды одан әрі тереңдету үшін ел ішінде толыққанды өндірістік тізбектер қалыптастыру маңызды. Заңнамалық деңгейде енгізілген «салалық кластер» тетігі негізгі өндірістердің айналасына шикізат жеткізушілерді, қажетті бөлшектер өндірушілерді, ШОБ-ты, ғылыми және сервистік ұйымдарды біріктіруді көздейді. Осы бағытта қажетті нормативтік құқықтық актілер әзірленіп жатыр. Кластерлік тәсілді сынақтан өткізу үшін пилоттық бағыттар ретінде автомобиль жасау және теміржол машиналарын жасау салалары айқындалды.

Елімізде аккумуляторлар, шиналар, мультимедиялық жүйелер мен орындықтар шығарылып жатыр. Сондай-ақ Qarmet компаниясында өндірілетін болаттан автобус шанағының бөлшектерін қалыптау өндірісі игерілді. Биыл жылыту, желдету және ауа баптау жүйелерін, сондай-ақ еден жабындарын өндіру іске қосылды. Жүк көліктерінің қозғалтқыштарына арналған цилиндр блоктары да шығарылады.

Жыл соңына дейін Қостанайда қауқары 60 мың дана автобөлшек шығаруға жететін өндіріс орнын іске қосу жоспарлануда. Алматыда сым шоғырлары, тежегіш және топливо жүйесіне арналған түтікшелер өндірісін локализациялау көзделген. Теміржол машиналарын жасау саласында тұтас илемделген дөңгелектер, вагон осьтері, бағыттамалы бұрмалар және рельс бекітпелері шығарылады.

Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуінің жаңа моделі әзірленіп, қажетті заңнамалық түзетулер қабылданды. Реформаны кешенді түрде іске асыру мақсатында, оның ішінде Салық кодексі шеңберінде нормативтік актілерді пысықтау бойынша қосымша жұмыс жүргізіледі.

 

Реформа үш басты бағытқа негізделген:

Аймақтарды дұрыс таңдау. АЭА құру кезінде стратегиялық және салалық басымдықтар, жер ресурстарының болуы және инфрақұрылымның әлеуеті ескеріледі.

Басқару тиімділігін арттыру. Бұл орайда инвесторларды іздеу, жобаларды сүйемелдеу және инфрақұрылымды дамытуға бағдарланған жеке басқарушы компанияларды тарту көзделген.

Инвестициялық жобаларды сапалы іріктеу. Тұрақты сұранысы, экспорттық әлеуеті және кооперациялық тізбектерді дамыту мүмкіндігі бар өндірістерге басымдық беріледі.

Президент тапсырмасын орындау аясында министрлік өндіріс орындарының теңгерімін бағалау тетігін енгізді, қажетті заңнамалық өзгерістер қабылданып, өндірістерді бағалау әдістемесі бекітілді. Ол ішкі нарықтың қажеттіліктерін, экспорттық әлеуетті және өндірістің шикізатпен қамтамасыз етілуін есепке алуды көздейді. Бағалау нәтижелері жаңа жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету және инвестиция тарту туралы шешім қабылдау кезінде ескеріледі.

«Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауы отандық құрылыс материалдар, жабдықтар мен бұйымдар өндірісін дамытуға қосымша серпін береді. Құрылыс саласын дамыту бойынша алға қойылған ауқымды міндеттерді орындау барысында өз өндірісімізді кеңейту және ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыру бағытындағы жұмыстар қатар жүруге тиіс. Бүгінде ішкі сұраныстың шамамен 73%-ы отандық өнім есебінен қамтамасыз етіліп отыр», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында құрылыс материалдарына деген қажеттілікті айқындап, қажетті өнім түрлерін шығаратын жаңа өндіріс орындарын құруға инвестициялар тарту жоспарлануда. Бұдан бөлек, жобаларды іске асыру кезінде отандық құрылыс материалдарының негізсіз себептермен импорттық өнімдерге алмастырылуына жол бермеу шаралары қабылданады. Осы мақсатта Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің деректері құрылыс саласының цифрлық жүйелерімен интеграцияланады.

Басты міндет – үш жыл ішінде ауқымды құрылыс жағдайында ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін 80%-ға дейін арттыру.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1330832?lang=kk