Өскемен қаласында Counter-Strike 2 дисциплинасы бойынша алғаш рет OSKEMEN 2026 қалалық киберспорт турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа қатысуға 850 өтінім түсіп, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 18 команда үздіктер қатарынан көріну үшін бақ сынады.
Турнир 14 қараша күні F16 Arena алаңында өтті. Іс-шараны Өскемен қаласының Жастар ресурстық орталығы қалалық әкімдіктің қолдауымен және «Қазцинк» ЖШС-нің бас демеушілігімен ұйымдастырды.
Жарысқа барлығы 90 ойыншы қатысты. Матчтардың басым бөлігі BO1 форматында, ал финалдық кездесу BO3 форматында өткізілді. Тартысты ойын нәтижесінде NEMESIS командасы бірінші орынды иеленді. Екінші орын SMD командасына бұйырса, GHOSTS командасы үшінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ үздік алты команданың қатарына Y4POWA, KINGDOM және ZARUBA командалары енді.
Жеке шеберлігімен ерекшеленген ойыншылар да марапатталды. «Үздік мерген» аталымы Әлішер Серікжановқа, «Үздік рифлер» атағы Сұлтан Саттаровқа берілді. Ал турнирдің ең үздік ойыншысы (MVP) болып Расул Жанболатұлы танылды.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 500 мың теңгеден асты. Бірінші орын алған командаға жаңарту жиілігі 240 Hz болатын бес ойын мониторы, күміс жүлдегерлерге бес ойын пернетақтасы, ал қола жүлдегерлерге бес ойын тінтуірі табысталды. Сонымен қатар жүлдегер командалар кубоктармен және медальдармен марапатталды.
Айта кетейік, OSKEMEN 2026 турнирі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды. Бастаманың негізгі мақсаты – жастар арасында киберспорт мәдениетін дамыту, командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыру, жауапкершілікке тәрбиелеу және бос уақытты тиімді ұйымдастыру.
Алғашқы турнирге 850 өтінімнің түсуі Өскемен жастарының киберспортқа деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті. Жоба жас ойыншылардың қабілетін шыңдап, әлеуетін танытуға мүмкіндік беретін алаңға айналып, қалада спорттың жаңа бағытын дамыту жолындағы маңызды қадам болды.