Ақтөбелік студент алаяқтарға сеніп, 10 миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылды

Ақтөбелік студент алаяқтарға сеніп, 10 миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылды

Ақтөбеде жоғары оқу орындарының бірінде білім алатын екінші курс студенті интернет-алаяқтардың құрбаны болып, қомақты қаржысынан айырылды.
Қыздың WhatsApp мессенджеріне белгісіз адам қоңырау шалып, өзін ұялы байланыс операторының қызметкері ретінде таныстырған. Ол SIM-картаның қызмет ету мерзімін ұзарту сылтауымен студенттің сеніміне кірген. Арада біраз уақыт өткен соң оған тағы бір белгісіз адам хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған. Ол белгісіз біреулер студенттің атына несие рәсімдеуге әрекет жасап жатқанын айтып, ақшасын қорғау үшін оны «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігін жеткізген.
Алаяқтардың сөзіне сенген студент оқу ақысын төлеу үшін депозитке жинаған қаражатын шешіп алып, қаскөйлер көрсеткен шотқа 10 миллион теңгеге жуық ақша аударған. Тек ақшаны аударғаннан кейін ғана қыз алаяқтардың құрбаны болғанын түсінген.
Полиция департаменті азаматтарды интернет-алаяқтықтан сақ болуға шақырады!
Алаяқтар SIM-картаның қызмет ету мерзімін ұзарту, сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатқаны туралы жалған ақпарат тарату және ақшаны «қауіпсіз шотқа» аудару сияқты түрлі тәсілдерді қолданады.
Есте сақтаңыз:
• Банк пен ұялы байланыс операторларының қызметкерлері ешқашан ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейді.
• Өзін банк қызметкері, полиция немесе басқа мекеме өкілі ретінде таныстырған белгісіз адамдардың нұсқауымен ешқандай қаржылық операция жасамаңыз.
Полиция азаматтарды қырағы болуға, алаяқтардың психологиялық қысымына берілмеуге шақырады.
Есіңізде болсын: «қауіпсіз шот» деген ұғым жоқ. Белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудару арқылы бар жинағыңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін!

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1330827?lang=kk