Президент тапсырмаларын іске асыру: жыл басынан бері Қазақстанда жалпы сомасы 900 млрд теңгені құрайтын 125 инвестициялық жоба іске қосылды

Президент тапсырмаларын іске асыру: жыл басынан бері Қазақстанда жалпы сомасы 900 млрд теңгені құрайтын 125 инвестициялық жоба іске қосылды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық тауар өндірушілердің (ОТӨ) ісін дамыту және қолдау бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында отандық өндірісті дамыту, жаңа кәсіпорындар ашу және елдің өнеркәсіптік әлеуетін кеңейту жөнінде нақты міндеттер қойды. Осыған байланысты өнеркәсіп саласындағы оң динамиканы сақтап, өндіріс көлемін одан әрі арттыру маңызды. Он айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 9,3%-ға өсіп, салада оң динамика қалыптасты», – деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу 17 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде 5,5 мың жұмыс орны ауылдық жерлерге тиесілі болмақ. Жобалар толық өндірістік қуатына шыққан кезде жыл сайын құны шамамен 1,5 трлн теңге болатын өнім өндіріледі. Мұның ішіндегі 500 млрд теңгенің өнімі экспортқа шығарылады.

Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылды. Қалған жобалар жүзеге асырудың соңғы кезеңінде тұр. Оларды іске қосу Қазақстанда бұрын өндірілмеген өнім түрлерін, оның ішінде теміржол бандаждарын, тісті доңғалақтар, престеу жабдықтарын, ламинаттар, тамшылатып суару жүйелерін және кофе машиналарына арналған алюминий капсулаларды шығаруға мүмкіндік береді.

Қазақстандық тауар өндірушілердің цифрлық тізілімінде 50 мыңнан астам өтінім өңделіп, 2,6 мыңға жуық ОТӨ және тауарлардың 72 мың атауы тіркелді. Тізілімнің негізгі сатып алу алаңдарымен интеграциялануының арқасында жыл басынан бері өткізілген 94 мың сатып алу кезінде отандық өнімге басымдық берілді. Сонымен қатар нақты өндірісті растау және кейінгі бақылау тетіктері жетілдіріліп жатыр. Атап айтқанда, цифрлық тексеруді күшейту, локализациялау талаптарын кезең-кезеңімен арттыру, сондай-ақ кәсіпорындардың қызметін талдау үшін жасанды интеллектіні және олардың өндірістік қуаттарының жүктемесін бақылауға арналған цифрлық дашбордты енгізу жоспарланып отыр.

Отандық өндірісті қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – реттелетін сатып алулар кезінде қазақстандық өнімге басымдық беру. Мемлекеттік сатып алу аясында бұл тетік ОТӨ-мен жалпы сомасы шамамен 122 млрд теңгені құрайтын 83 мыңнан астам шарт жасасуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер мен ірі тапсырыс берушілер арасында ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу тәжірибесі дамып келеді. 2025 жылдан бері 2,5 мыңнан астам ұзақ мерзімді шарт және 707 офтейк-келісімшарт түзілді.

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында да отандық өнімге деген қосымша сұраныс қалыптасып отыр. Бүгінгі таңда құбырлар, кабель-өткізгіш өнімдері, темірбетон бұйымдары, желілік арматура, электротехникалық жабдықтар және басқа да отандық өнімдерді жеткізу бойынша 144 шарт жасалды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1330826?lang=kk