Ақтөбе қаласында тапсырыспен жиһаз жасау сылтауымен алаяқтық жасау деректері жиілеп кетті. Алаяқтар жиһаз дайындау қызметін ұсынатын хабарландырулар жариялап, азаматтардан тапсырыс қабылдайды және алдын ала төлем алады.
Алайда, ақшаны алғаннан кейін өз міндеттемелерін орындамай, тапсырыс берушілерді алдап соғады. Нәтижесінде тұрғындар тапсырыс берген жиһаздарын ала алмай, ақшаларынан айырылуда.
Қазіргі уақытта осы деректер бойынша екі күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қажетті тергеу әрекеттері атқарылып жатыр. Жақын арада қылмыстық істер бойынша жинақталған материалдарды сотқа жолдау жоспарлануда.
Айта кетейік, қылмыстық істердің бірінде ондаған азамат жәбірленуші деп танылған.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті тұрғындарға ескертеді:
-Бейтаныс адамдарға қызметіне көз жеткізбей тұрып ақша аудармаңыз.
-Жиһаз жасатуға тапсырыс берген кезде міндетті түрде ресми келісімшарт жасаңыз.
-Келісімшартта тапсырыстың құны, орындалу мерзімі және төлем шарттары нақты көрсетілуі тиіс.
-Ақша аударған жағдайда төлемді растайтын құжаттарды сақтаңыз.
-Қызмет көрсетушінің беделін, бұрынғы жұмыстары мен тұтынушылардың пікірлерін тексеріңіз.
Алаяқтардың арбауына түспеу үшін сақтық шараларын сақтап, кез келген қызмет көрсетушіні мұқият тексеріңіз!
Ақтөбеде жиһаз жасатуға тапсырыс берген ондаған тұрғын алаяқтарға алданған
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-aktobe/press/news/details/1330821?lang=kk