Адал қоғам – қауіпсіздік кепілі

Адал қоғам – қауіпсіздік кепілі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету және әлеуметтік саладағы заңсыздықтардың жолын кесу мәселелеріне баса назар аударды. Президенттің пайымынша, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттырып, озық технологияларды кеңінен қолдану жемқорлықпен күрестің маңызды тетігіне айналуға тиіс.
Атап айтқанда, Мемлекет басшысы салық жүйесін жетілдіру мәселесіне тоқталып, бұл бағытта цифрлық шешімдердің әлеуетін тиімді пайдалануды ұсынды. Оның айтуынша, салық түсімін арттырып, көлеңкелі экономика мен жемқорлық қатерлерін азайту үшін заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні іске қосу қажет.

Жолдауда әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі олқылықтар да назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы өткен жылдары әлеуметтік көмекті шамадан тыс көбейту арқылы мемлекеттік басқарудағы кейбір қателіктер мен кемшіліктердің бүркемеленгенін атап өтті. Соның салдарынан бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып, шын мәнінде мұқтаж емес азаматтарға да түрлі төлемдер берілген.

Президент мемлекеттік көмектің нақты мұқтаж адамдарға ғана берілуі керектігін баса айтты. Бұл ретте әлеуметтік қолдау тетіктерін қайта қарап, ақпараттық жүйелердің жұмысын мұқият тексеру, жаңа тәсілдерді алдымен пилоттық режимде сынақтан өткізу қажеттігін жеткізді.

Ал сыбайлас жемқорлық әу бастан қоғамның дамуына кедергі келтіріп қана қоймай, азаматтардың, соның ішінде балалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне де кері әсерін тигізетін құбылыс. Бала құқығы мен сыбайлас жемқорлықтың қандай байланысы бар деуіңіз де мүмкін. Әрине тікелей қатысы жоқ, дегенмен жегі құрт жүрген жерде берекенің болмайтыны анық. Сондықтан қоғамның дертіне, жегі құртына айналған жемқорлықтың қай салаға болсын кесірін тигізетіні анық. Сол себепті балалардың құқықтарын қорғау саласында да ашықтықты қамтамасыз ету, заңдылықты сақтау және әрбір шешімнің әділ қабылдануы ерекше маңызға ие.

Кез келген заңсыз әрекет немесе қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану баланың заңды құқығы мен мүмкіндігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Әрбір бала әлеуметтік жағдайына, отбасылық ахуалына қарамастан, тең мүмкіндікке ие болуы керек.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/childrenrights-zhambyl/press/news/details/1330782?lang=kk