«Ынтымағы жарасқан қос өлке»: Балқашта Ақтоғай ауданының күні өтті

«Ынтымағы жарасқан қос өлке»: Балқашта Ақтоғай ауданының күні өтті

Балқашта ұйымдастырылған «Дала дәмі» жәрмеңкесінде 19 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімі сатылды. Бұл «Ынтымағы жарасқан қос өлке» атты Ақтоғай ауданының күні аясында өткен негізгі іс-шаралардың бірі болды. Мерекелік басқосу екі өңірдің тұрғындарын жақындастырып, іскерлік байланыстарды нығайтуға, спорттық бәсекелер ұйымдастыруға және Ақтоғай ауданының тыныс-тіршілігі мен мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға жол ашты.

Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ет және сүт өнімдерін, көкөністер мен жеміс-жидектерді саудаға шығарды. Балқаш тұрғындары сапалы әрі балғын азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. 

Нәтижесінде 12 тоннаға жуық ет, 6 тонна көкөніс пен жеміс-жидек және 1 тонна сүт өнімі сатылды.

Жәрмеңкеге белсене қатысқан кәсіпкерлерге Балқаш қаласы әкімінің алғыс хаттары табысталды.

– Жәрмеңке Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданының, сондай-ақ өзге де өңірлердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің басын қосып, өнімдерін қала тұрғындарына ұсынуға мүмкіндік берді. Балқаштықтарға ет, сүт және көкөніс өнімдерінің мол таңдауы қолжетімді бағамен ұсынылды. Мұндай жәрмеңкелер отандық өндірушілерді қолдап қана қоймай, өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға да ықпал етеді, – деді Балқаш қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерслан Зияда.

Мерекенің спорттық бағдарламасы да тартысты өтті.

Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданының командалары қазақ күресі, футзал және волейболдан өзара мықтыны анықтады.

Жас балуандар «қабырға-қабырға» форматында белдессе, футзалшылар «Бірлік» кубогын сарапқа салды. Ал спорттық кездесулер волейбол матчымен түйінделді.

Мерекелік шаралар М. Хамзин атындағы мәдениет сарайында жалғасын тапты. Мұнда «Ақтоғай – асыл мекенім!» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Кештің ашылуында сөз сөйлеген Балқаш қаласының әкімі Саян Мұратұлы екі өңірдің тарихи тамырластығы мен қалыптасқан достық қарым-қатынасының маңызын атап өтіп, өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.

Сондай-ақ кеш барысында өңіраралық байланысты нығайтуға және мерекелік шараны ұйымдастыруға үлес қосқан азаматтар марапатталды.

 

Концерттік бағдарламада «Тоқырауын толқындары» халық ән-би ансамблі, «Толқындастар» квартеті, «Ардагерлер шуағы» ансамблі мен жеке орындаушылар өнер көрсетті. Көрермендер қазақтың халық әндері мен күйлерін тыңдап, рухани әсерге бөленді.

Балқаш қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1330779?lang=kk