Конституциялық Сот құжаттарға апостиль қою туралы Гаага конвенциясын қолдану мәселелері бойынша өз құзыретінің шегін түсіндірді

Конституциялық Сот құжаттарға апостиль қою туралы Гаага конвенциясын қолдану мәселелері бойынша өз құзыретінің шегін түсіндірді

Конституциялық Сот Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 6 желтоқсандағы № 11-1-2/576 бұйрығымен бекітілген Құжаттарды заңдастыру қағидаларының 10-тармағының 2) тармақшасын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы өтінішті қарады.

Өтініш ерлі-зайыптылардың некеде бірге жинаған мүлкін бөлуге қатысты дауға байланысты берілген. Неке бұзылғаннан кейін бұрынғы жұбайы Солтүстік Кипр Түрік Республикасының аумағында ортақ мүліктегі өз үлесіне қатысты құқықтарынан бас тарту туралы құжат рәсімдеген. Дауды қарау барысында апелляциялық сатыдағы сот аталған құжатты Қазақстанда заңдастыру қажеттігін көрсетіп, оны жол берілмейтін дәлелдеме деп таныған.

Өтініш берушінің пікірінше, соттар Қазақстан қатысушысы болып табылатын 1961 жылғы 5 қазандағы Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талабын жоятын Гаага конвенциясының ережелерін ескермеген.

Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясы аясында әзірленген бұл Конвенцияның халықаралық құқықтық ынтымақтастық үшін маңызы зор. Ол дәстүрлі консулдық заңдастыру рәсімін бірыңғай куәландыру нысаны – апостильмен алмастыру арқылы ресми құжаттарды шетелде пайдалануды жеңілдетеді. Мұндай тәртіп Конвенцияға қатысушы бір мемлекеттің аумағында берілген және оған қатысушы басқа мемлекетте пайдалануға арналған құжаттарға қолданылады. Бұл мемлекеттер арасындағы құжат айналымын едәуір жеңілдетіп, халықаралық қатынастардағы құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сонымен бірге Конституциялық Сот өтініште Қағидалардың 10-тармағының 2) тармақшасының мазмұнын тексеру туралы талап қойылғанымен, өтініш берушінің уәждері іс жүзінде нақты дауды шешу кезінде соттардың заңнаманы қолдануымен келіспеуге негізделгенін және қабылданған сот актілерін бағалауға бағытталғанын анықтады.

Конституциялық Сот нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру өз құзыретіне жататынын түсіндірді. Ал нақты істерді қарау кезінде халықаралық шарттар мен ұлттық заңнаманы қолдану, дәлелдемелерді бағалау және сот шешімдерінің заңдылығын анықтау мәселелері соттардың құзыретіне жатады.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksrk/press/news/details/1330766?lang=kk