ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА КӘРІЗ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТІП ЖАТЫР
Түркістан қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Осы мақсатта қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Ибрахим ата көшесінде орналасқан №9 кәріз сорғы станциясындағы құрылыс барысымен танысты. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы пайдаланылып келген кәріз жүйесін жаңарту Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта диаметрі 400 миллиметрлі ескі металл құбырлардың орнына диаметрі 630 миллиметрлік жаңа полиэтилен құбырлары тартылуда. Бүгінге дейін 198 метр құбыр дәнекерленіп, оның 160 метрі жер астына қойылған. Сонымен қатар, нысанда авариялық кәріз сорғы станциясының құрылысы жүргізілуде. Тереңдігі 13 метр болатын қазаншұңқырды қазу жұмыстарының 10 метрі орындалған.
Құрылыс алаңында 15 жұмысшы мен 4 арнайы техника жұмылдырылған. Жоба аясында құбыр желілерін ауыстырумен қатар, станцияның ішкі жабдықтары мен инженерлік құрылымдарын жаңғырту көзделген.
Қала әкімі нысанды аралау барысында құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу барысына назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар ескерту жасады. Сондай-ақ, құрылыс аумағындағы жаяу жүргіншілер мен автокөліктердің қозғалысына қолайлы жағдай жасау, жолдарды ретке келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.