Қазақстан депутаттары «әлеуметтік желілерге тыйым салу» деген атпен танымал цифрлық ортада балалардың құқығын қорғауға бағытталған заң жобасын әзірлеп шықты. Бұл — заңнаманы талдап, құқықтық шешімдер ұсынатын AI-Құрылтай платформасының көмегімен дайындалған алғашқы құжат.
Бір палаталы парламент тарихындағы алғашқы үкімет сағатын ашқан Құрылтай төрағасының орынбасары Динара Зәкиева «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға арналған жаңа заң жобасының егжей-тегжейін баяндады. Оның айтуынша, құжатты әзірлеу барысында базасына 800 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акт енгізілген, арнайы оқытылған заңгерлік ЖИ-моделі алғаш рет тікелей қолданылған. Нәтижесінде жүйе заманауи қауіптерді ескере отырып, балалардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ауқымды шаралар кешенін ұсынды.
Атап айтқанда, заң жобасы аясында цифрлық платформалар, онлайн-ойындар, қосымшалар мен маркетплейс иелері өз өнімдерін таңбалауға және мазмұны туралы (ойын ішіндегі хат алмасу, сатып алулар және т.б.) толық ақпарат беруге міндеттеледі. Уәкілетті мемлекеттік орган міндетті верификация мен мониторинг жүргізіп, қауіп анықталған жағдайда цифрлық өнімді бұғаттау немесе жою талабын қояды, ал заң талаптарын бұзған платформа иелері жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар барлық цифрлық платформада ата-ана бақылауы функциясы міндетті түрде енгізіліп, контентті сүзгілеу жүйесі іске қосылады — таңбаланбаған және верификациядан өтпеген өнімдерді балалар көре де, жүктей де алмайды. Бұдан бөлек, халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әр баланың жеке басын нақты анықтауға және олардың құқықтарын цифрлық сүйемелдеуге мүмкіндік беретін фотосуреті бар балаларға арналған арнайы IT-карталарды енгізу жоспарлануда.
Құжатқа барлығы 120-дан астам түзету енгізілген. Динара Зәкиева жасанды интеллект ұсынған бастамалардың автоматты түрде қабылданбағанын, әрбір ұсынысты депутаттар, заңгерлер мен шақырылған сарапшылар жіті тексеріп, пысықтағанын атап өтті. Енді заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алуға жіберіліп, одан әрі жұмыс топтары аясында талқыланады. Айта кетейік, депутаттардың дерегінше, еліміздегі балалардың шамамен 88 пайызы смартфонды белсенді қолданады, ал әлеуметтік желілерге шамадан тыс әуестену олардың кітап оқуға, спортқа және отбасымен араласуға бөлетін уақытын қысқартып, зейін мен сыни ойлау қабілетіне кері әсер етуде.