ШҚТУ-да «Салық мәдениеті: жастар және мемлекет» жобасы аясында студенттермен кездесу өтті
2026 жылғы 12 қарашада Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ғимаратында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждерімен бірлесіп, жоба серіктестерінің қатысуымен жүзеге асырып жатқан «Салық мәдениеті: жастар және мемлекет» өңірлік жастар жобасы аясында студенттермен және волонтерлермен кезекті кездесу өтті.
Іс-шараны Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралинова ашты. Ол жобаның мақсаты мен жүзеге асырылу мерзімдері, жоспарланған іс-шаралар, волонтерлік қозғалысты дамыту, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдары жүйесінде жас мамандардың кәсіби тұрғыда қалыптасуы мен болашақ мүмкіндіктері туралы айтып өтті.
Жобаның негізгі мақсаты – жастардың салықтық және құқықтық мәдениетін арттыру, салық міндеттемелерін орындауға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, еріктілік қызметті дамыту және студенттерді қоғамға пайдалы бастамаларға тарту.
Кездесу барысында салықтық сауаттылық негіздері және салық мәдениетінің қоғам дамуындағы рөлі, «Салықтар және жауапты азаматтық ұстаным», «Салық түрлері» тақырыптары қарастырылды.
Сонымен қатар спикер бизнес ашу, салық есептілігін тапсыру, арнаулы салық режимдерін қолдану ерекшеліктері және жалпыға бірдей декларациялау аясындағы міндеттемелер сияқты өзекті әрі қызықты тақырыптарды қамтыды.
Кездесу ашық диалог форматында интерактивті тапсырмалар мен викторинаны қолдану арқылы өтті. Бұл студенттерге өз білімдерін тексеруге және өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берді.