Жетісу облысында бір аптада мас күйінде көлік басқарған тоғыз жүргізуші анықталды.
Жетісу облысының полиция департаменті жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
Өткен аптада өңір аумағында патрульдеу барысында алкогольдік және есірткілік масаң күйде көлік басқарған тоғыз жүргізуші анықталды.
Заңда қатаң жауапкершілік көзделгеніне қарамастан, кейбір жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өздерінің ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруде.
Аталған құқық бұзушылықтар бойынша заңнамада көзделген тиісті шаралар қабылданды. Көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полиция ескертеді: алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде көлік басқару – ауыр әрі қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін аса қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі.
Полиция қызметкерлері мас жүргізушілерді анықтау және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында профилактикалық және рейдтік іс-шараларды жалғастырады.
Есіңізде болсын! Масаң күйде рөлге отыру – адам өміріне төнген қауіп. Заң мен тәртіп әр азаматтың жеке жауапкершілігінен басталады!