Семейде қоғамдық келісімді нығайтудың жаңа тәсілдері талқыланды

Семейде қоғамдық келісімді нығайтудың жаңа тәсілдері талқыланды

Ақпараттық кеңістіктегі заманауи сын-қатерлер, этносаралық қатынастарды ақпарат құралдарында жариялаудың жаңа тәсілдері және жасанды интеллект мүмкіндіктері журналистер қауымдастығы өкілдерінің басын қосқан кездесудің негізгі тақырыбына айналды. Журналистер бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби міндеттерін талқылап, тәжірибе алмасты және тақырыптық тренингтерге қатысты. Жиынға «Қоғамдық келісім» РММ жанындағы Журналистер клубының құрамына кіретін еліміздің түрлі өңірінен келген 30-дан астам БАҚ өкілі қатысты.

Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана базасында «Этносаралық қатынастардың жаңа архитектурасы: БАҚ-тың рөлі» тақырыбында Журналистер клубының кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға этностық БАҚ өкілдері, баспасөз қызметкерлері және медиа сарапшылар қатысты. Кездесуде қоғамдық бірлікті нығайту, этножурналистиканы дамыту және ақпараттық материалдардың сапасын арттыру мәселелері талқыланды.

Жиынды ашқан Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы қоғамдық келісімді сақтауда журналистиканың маңызы зор екенін атап өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарының объективті ақпараттық күн тәртібін қалыптастырудағы рөліне тоқталды.

– Бүгінгі Журналистер клубының кеңейтілген отырысы еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайту тұрғысынан ерекше маңызға ие. Себебі талқылауға ұсынылып отырған тақырып – бүгінгі күннің өзекті әрі жауапты мәселелерінің бірі. Осындай ауқымды әрі маңызды шараның Абай жерінде, жаңашылдықтың бастауы болған өңірде өтуінің өзіндік мәні бар. Журналистер қауымдастығы өкілдерінің басын қосқан бұл кездесу облыс әкімі, журналистердің жанашыры Берік Уәлидің тікелей қолдауымен ұйымдастырылды. Өңірлік журналистиканың жаңа деңгейге көтерілуі мен нақты бағыт-бағдарын айқындауы аймақ басшысының осы салаға ерекше көңіл бөлуінің нәтижесі, – деді Жарқын Түсіпбекұлы.

Сондай-ақ ол қоғамдық бірлік пен этносаралық келісімді нығайтуда бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөліне ерекше тоқталды.

– Міржақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген сөзі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қазіргі күрделі әрі құбылмалы кезеңде дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары өз ұстанымдарына адал болып, кәсіби бағытынан жаңылмауы керек. Осы тұрғыдан алғанда, Журналистер клубы ақпарат алудың ресми әрі сенімді алаңына айналды. Абай облысында да тұрақтылық пен келісімді сақтау, ақпараттық кеңістікті оң бағытта дамыту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Өңірде құрылған этножурналистика бағытындағы Журналистер клубы этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар БАҚ өкілдерінің тәжірибе алмасуына, өзекті мәселелерді талқылауына және толеранттылық құндылықтарын қоғамда кеңінен насихаттауына мүмкіндік береді, – деп атап өтті басқарма басшысы.

«Қоғамдық келісім» РММ-нің жетекші сарапшысы Наргиз Шотпай кеңейтілген отырыс аясында қатысушыларға мазмұнды бағдарлама әзірленгенін, оның барысында пікір алмасумен қатар тәжірибелік тренингтер де ұйымдастырылатынын жеткізді.

– Бүгінгі отырыс этносаралық қатынастар саласындағы жаңа архитектура тақырыбына арналған. Іс-шараға журналистер, этностық БАҚ өкілдері, өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ-лерінің баспасөз қызметкерлері мен медиа сарапшылар қатысуда. Әріптестерімізбен бірге өзекті тақырыптарды, контент әзірлеу мәселелерін және жаңалықтар күн тәртібін талқылаймыз. Семинар барысында спикерлер ақпараттық материалдарды сауатты әрі сапалы дайындау жолдары туралы тәжірибелерімен бөлісіп, қатысушыларға пайдалы мәліметтер ұсынады. Кездесулеріміз еліміздің әртүрлі қалаларында өткізіледі. Бұл жолы іс-шараны өткізу алаңы ретінде Семей қаласы таңдалды, – деді Наргиз Шотпай.

Кездесуге қатысқан Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің журналисі Амина Бақытбек те өз әсерімен бөлісіп, талқыланған тақырыптардың өзектілігін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллектіні журналистикада қолдану мүмкіндіктері мен телевизия саласындағы кәсіби тәжірибеге арналған баяндамалар ерекше қызығушылық тудырған.

– БАҚ өкілдерінің әр кездесуі өзіндік ерекшелігімен есте қалады. Мұндай басқосулар этносаралық қатынастар туралы көптеген пайдалы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Біз үнемі қызықты спикерлермен бірге өзекті тақырыптарды талқылаймыз. Әсіресе, «Semei» телеарнасының директоры Нұрбек Бекеннің жасанды интеллект мүмкіндіктері туралы дәрісі ұнады. Қазір жасанды интеллект дәуірі басталды. Сондықтан журналист үшін бұл технологияларды меңгеріп, оларды кәсіби қызметінде тиімді қолдана білу өте маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөздерінде бұл мәселеге бірнеше рет тоқталған болатын. Сонымен қатар «Хабар» телеарнасының продюсері Қайнар Олжабайдың телевизия саласындағы тәжірибесімен бөліскен баяндамасы да ерекше әсер қалдырды, – деді Амина Бақытбек.

Отырыс аясында қатысушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған бірнеше тәжірибелік тренинг өткізілді. Сонымен қатар спикерлер нақты мысалдар келтіріп, этносаралық келісімді нығайту бағытындағы ақпараттық жұмыстың маңызын көрсетті.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-ishki-sayasat/press/news/details/1329512?lang=kk