Ұлытау облысында 15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы күні және қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музейде өткен мерекелік жиынға облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қала және аудандардың экономика және қаржы бөлімдерінің жетекшілері, даму қоры мен банк өкілдері, сондай-ақ қаржы саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Ғалымұлы сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері мен адал еңбектері үшін марапаттар табыстады.
Атап айтқанда, қаржы саласында кәсіби біліктілігімен және жауапкершілігімен ерекшеленген үш қызметкер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Қаржы саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Сонымен қатар бірқатар сала маманы Ұлытау облысы әкімінің марапаттары мен Алғыс хаттарына ие болды.