Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті мен Петропавл қаласы полиция басқармасының 100-ге жуық қызметкері Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрына барды. Іс-шараны СҚО ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы ұйымдастырды. Полицейлер Сая Қасымбектің пьесасы желісімен Бекболат Құрманғожаев сахналаған «Қол» спектаклін тамашалады.
Қойылымда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық тақырыбы қозғалады. Символдық образдар, қиял-ғажайып көріністер мен актерлердің әсерлі ойыны арқылы автор билікті асыра пайдаланудың қоғамға тигізетін зардабын көрсетеді.
Көрермендердің бірі – арнайы жедел әрекет ету жасағының аға инспектор-психологы , полиция майоры Серік Әбілғазинов қойылымнан алған әсерімен бөлісті.
«Бұл – терең ойға жетелейтін мағыналы спектакль. Бүгін көрермендер арасында жастардың көп болғаны қуантады. Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету жолында қызметін енді бастаған жас мамандар үшін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының салдарын терең түсіну өте маңызды», – дейді ол.
Мұндай мәдени-ағартушылық шаралар қызметкерлердің ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, кәсіби әдеп пен қоғамға қызмет ету қағидаттарына да жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.