Қазақстанда дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін лицензиялау тәртібі өзгерді

Қазақстанда дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін лицензиялау тәртібі өзгерді

2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы дезинфекция, дезинсекция және дератизация (ДДД) қызметтері бір лицензияланатын қызмет түрі шеңберінде үш кіші түрге бөлінді. 
Өзгерістер Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 7 шілдедегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен көзделген. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес ДДД қызметтері енді үш кіші түрді қамтиды:
•    Дезинфекция — сыртқы ортадағы инфекциялық және паразиттік аурулар қоздырғыштарын жою. Оған үй-жайлар мен беткейлерді залалсыздандыру жұмыстары жатады.
•    Дезинсекция — жәндіктер мен басқа да буынаяқтыларға қарсы күрес, оның ішінде тарақандарды, қандалаларды және бүргелерді жою.
•    Дератизация — кеміргіштерді жою немесе олардың санын азайту, атап айтқанда, егеуқұйрықтар мен тышқандарға қарсы күрес.
Бұл ретте әрбір кіші түрге жеке лицензия алу талап етілмейді. Кәсіпкер көрсететін қызметтерінің түріне қарай бір, бірнеше немесе барлық үш кіші түрді бір лицензия шеңберінде таңдай алады.
Бұрын берілген лицензияларды жаңа талаптарға байланысты міндетті түрде қайта ресімдеудің жеке мерзімі белгіленбеген. Лицензияны қайта ресімдеудің негіздері мен тәртібі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның 33-бабымен реттеледі.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/press/news/details/1329474?lang=kk