Зеренді ауылында жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді. Бұл – ауданда жыл басынан бері ашылған 23-ші алаң. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ермек Даукенов, ауыл ақсақалдары, тұрғындар мен жастар қатысты.
«Барлығы ойыннан басталады. Бүгін балалар достарымен доп ойнауға шықса, ертең олардың бірі алғашқы жаттығуына барып, алғашқы турнирінде өнер көрсетуі мүмкін», – деді Ермек Даукенов.
Соңғы екі жылда аудан бойынша ойынға, спортқа және демалысқа арналған барлығы 37 алаң жабдықталып, осы мақсатқа шамамен 350 миллион теңге бағытталды. Олардың қатарында футбол мен баскетбол ойнауға, белтемірде жаттығуға арналған алаңдар, сондай-ақ бүлдіршіндерге арналған ойын алаңдары бар. Бұл жұмыс ауыл тұрғындары үшін спорт пен белсенді демалыстың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.