Коммуналдық және инфрақұрылымдық мекемелердің дайындығы тексерілді

Коммуналдық және инфрақұрылымдық мекемелердің дайындығы тексерілді

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала орталығындағы коммуналдық және инфрақұрылымдық мекемелерді аралады.
Алдымен республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп-ұстауға жауапты «ҚАЖсервис» ЖШС облыстық филиалының жұмысын көрді. Кәсіпорын облыс аумағындағы 908,9 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолына қызмет көрсетеді. Теңгерімінде 134 техника бар, оның 84-і қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына арналған. Қазір қажетті техниканың 83-і дайын. Жол бойындағы өндірістік базалар, материал сақтау қоймалары мен жылыну пункттері әзірленген.
Аралау кезінде төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы, жедел медициналық жәрдем стансасының қысқа әзірлігі де басты назарда болды. Қазір департамент пен оның құрылымдық бөлімшелерінде 902 қызметкер еңбек етеді. Өрт сөндіру бөлімдері негізгі және арнайы техникамен 80 пайыз жабдықталған. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында жергілікті бюджет есебінен қосымша 20 техника сатып алынуда. Алдағы уақытта сол жағалаудағы төрт шығу бағытына арналған заманауи өрт сөндіру депосы мен авиациялық техникаға арналған ангар салу жоспарланған.
Өңірде 70 жедел медициналық жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді, мекемеде 1 142 қызметкер жұмыс істейді. Автопаркті жаңарту үшін жергілікті бюджет есебінен 20 санитарлық автокөлік сатып алуға қаражат бөлініп, тиісті келісімшарт жасалған. Қазіргі уақытта көліктер медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылуда.
«Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ теңгерімінде 10 608 шақырым электр желісі, 2 058 қосалқы станция бар. Биыл желілер мен станцияларды жөндеуге 348 млн теңге бөлініп, жоспарланған жұмыс толық аяқталды. Кәсіпорын күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспортын алған. Мұнда 1 450 адам еңбек етеді.
«Қызылорда тазалығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қала аумағында санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын атқарады. Онда 543 қызметкер еңбек етеді. Теңгерімінде 219 техникасы бар. Автопаркті жаңарту үшін 2022-2024 жылдары бюджет қаражаты есебінен 69, ал биыл лизинг арқылы қосымша 37 техника алынған.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-shieli-tartogai/press/news/details/1329445?lang=kk