Жаңаөзен қаласында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарында профилактикалық кездесулер өткізілді.
Атап айтқанда, қалалық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция тобының қызметкерлері №6 жалпы білім беретін мектепте оқушылармен «Өмір – ең қымбат сыйлық» тақырыбында кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараға Жаңаөзен қаласы Полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары, полиция лейтенанты Бекболсын Аманбеков пен полиция капитаны Абай Рзахожаев қатысты.
Кездесу барысында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, құқық бұзушылықтар және олардың салдары туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары айтылып, оларды заңсыз қолданудың адам өмірі мен денсаулығына төндіретін қауіптері ескертілді.
Полиция қызметкерлері оқушыларға өзара сыйластықты сақтау, бір-біріне құрметпен қарау және қиын жағдайға тап болған кезде үлкендерден көмек сұраудың маңыздылығын жеткізді.
Осындай профилактикалық кездесулер қаладағы 10 мектепте өткізіліп, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз орта қалыптастыруға және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды.
Полиция қызметкерлері жас ұрпақтың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.