Талдықорғанда «Халық заңгері» акциясы өтті

Талдықорғанда «Халық заңгері» акциясы өтті

Бүгін Талдықорған қаласындағы «City Plus» сауда-ойын-сауық орталығында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Халық заңгері» акциясы өтті.

Іс-шараға қала әкімі Ернат Бәзіл қатысып, тұрғындарды жеке қабылдады. Қала басшысы азаматтарды толғандырған мәселелерді тыңдап, сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ бірқатар өтініш бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, көтерілген мәселелердің заң аясында шешілуін қамтамасыз етуді жүктеді.

Акция барысында тұрғын үй, жер қатынастары, еңбек даулары, әлеуметтік төлемдер, отбасылық құқық, көші-қон, кәсіпкерлік, несие міндеттемелері мен атқарушылық іс жүргізу мәселелері қаралды. Әрбір тұрғынның өтініші жеке тыңдалып, оларды шешудің заңды жолдары түсіндірілді.

Сонымен қатар қатысушыларға мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат беріліп, тиісті сала мамандары тарапынан тегін құқықтық кеңес көрсетілді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын жүйелі түрде жүзеге асыру басты міндеттеріміздің бірі. Осы бағытта азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінгі «Халық заңгері» акциясы осы жұмыстың нақты көрінісі. Мұндай шаралар тұрғындарға тегін құқықтық көмек алуға және өзекті мәселелерін заң аясында шешуге мүмкіндік береді, – деді Талдықорған қаласы прокурорының орынбасары Мұрат Алмасұлы.

«Халық заңгері» акциясы тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға және халық пен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған маңызды бастама.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1329435?lang=kk