Бүгін ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының қорытындыларын жариялады. Деректер stat.gov.kz сайтында 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы бөлімінде орналастырылған.
Екінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (БҰҰ ФАО) қолдауымен 2025 жылғы 1 тамыз-20 қазан аралығында өтті. Ол шамамен 20 жыл ішінде осындай көлемдегі ауыл шаруашылығы саласына жүргізілген алғашқы зерттеу болды және 2006-2007 жылдардағы алдыңғы санақ кезіндегі өзгерістерді бағалауға мүмкіндік берді.
Санақ бүкіл ел бойынша 290 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құралымдарын және 1,7 миллион жеке қосалқы шаруашылықтарды қамтыды. Ауыл шаруашылығы құралымдары мен жеке қосалқы шаруашылықтарды қамту 97%-ды құрады.
Деректерді жинау цифрлық технологияларды қолдану арқылы жүргізілді. Онлайн-санақтан ауыл шаруашылығы құралымдарының 92%-ы және жеке қосалқы шаруашылықтардың 19%-ы өтті. Респонденттерге барған кезде интервьюерлер планшеттердегі санақ парақтарын толтырды.
Санақаралық кезеңде ауыл шаруашылығы құралымдарының саны өсті, егістіктер құрылымы өзгерді, мал басының басым бөлігі ұйымдасқан секторға шоғырландырылды.
Санақаралық кезеңде ауыл шаруашылығы құралымдарының саны 42%-ға 204 мыңнан 290 мыңға дейін өсті. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны екі еседен астам – 9,5 мыңнан 21 мыңға дейін, ал шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтар және жеке кәсіпкерлер – 194 мыңнан 269 мыңға дейін өсті.
Егіс алқабы 18,3 млн гектардан 23,2 млн гектарға дейін өсті. Бұл ретте өсірілетін дақылдардың арақатынасы өзгерді: дәнді дақылдардың үлесі 81%-дан 69%-ға дейін төмендеді, ал майлы дақылдар 4%-дан 17%-ға дейін өсті.
Мал шаруашылығында мал басын шаруашылықтардың санаттары арасында бөлу айтарлықтай өзгерді. Алдыңғы санақ қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы құралымдары шартты мал басына шаққанда жалпы мал басының 20% құраған. 2025 жылы олардың үлесі 68%-ға жетті, ал жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесі 32%-ды құрады.
Санақ сонымен қатар саланың техникалық жабдықталуы мен жұмысшылары туралы мәлімет берді. Ұйымдасқан секторда 707 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Есепке алынған өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының 57%-ы 10 жылдан астам уақыт пайдаланылуда.
Санақ қорытындылары интерактивті виджеттер мен дашбордтарда, электрондық машинада оқылатын кестелерде және статистикалық жинақта берілген.
Пайдаланушылар өз өңірлерінде қанша шаруа қожалығы жұмыс істейтінін, қандай дақылдар өсірілетінін, қандай мал басы бар екенін және қандай техникамен қамтамасыз етілгенін біле алады. Интерактивті құралдар аумақтар мен шаруашылық санаттарын салыстыруға мүмкіндік береді, ал электрондық кестелер деректерді өз бетінше талдау үшін жүктеп алуға мүмкіндік береді.
Негізгі көрсеткіштермен қатар агротехнологиялар мен цифрлық шешімдерді қолдану, кооперация, қаржыландыру мен инфрақұрылымға қолжетімділік туралы мәліметтер жарияланды. Олар мемлекеттік органдарға қолдау шараларын жоспарлауға, бизнеске – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қажеттіліктерін бағалауға, зерттеушілерге – саладағы өзгерістерді зерттеуге көмектеседі.
Ұлттық статистика бюросы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге және ел тұрғындарына санаққа қатысқандары үшін алғыс білдіреді!
2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының қорытындыларымен мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://agro-census.stat.gov.kz/